2025 жылдың басынан бері бұзақылық жасағаны үшін 25 адам жауапқа тартылды.
фото : Акимат Астаны
ERNUR.KZ. Елордада вандализммен күресудің жаңа әдістері енгізіліп жатыр, деп жазады sputnik.kz.
Биіктігі 65 метр болатын Астананың негізгі шолу дөңгелегінде бұзақылық әрекет жасаған адамдардың суреттері көрсетіледі.
Бұл әдіс қоғамның назарын қала меншігіндегі мүлікке зиян келтіру мәселесіне аударуға бағытталған. Қалада бұзақылық әрекеттермен және бөтеннің мүлкіне зиян келтірумен күресу бойынша қарқынды жұмыс жалғасуда. Құқық қорғау органдарының қызметкерлері қала басшылығымен бірлесе отырып, осындай құқық бұзушылықтарды анықтауға және алдын алуға бағытталған іс-шараларды белсенді жүргізуде.
"Вандализмнің алдын алу жұмыстары қалалық прокуратура мен полиция департаментінің үйлестіруімен "Құқық және тәртіп" аясында жүргізіліп жатыр. 2025 жылдың басынан бері бұзақылық жасағаны үшін 25 адам жауапқа тартылды, оның 11-іне айыппұл салынып, 14-і әкімшілік қамауға алынды", - деп жазылған хабарламада.
Өткен жылы бұзақылық жасағаны үшін 350-ге жуық адам жауапқа тартылған. Естеріңізге сала кетейік, бұзақылық әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғады. Мұндай әрекеттер үшін жаза айыппұлдарды, шығынды өтеуді немесе тіпті қамауға алуды қамтуы мүмкін.