Астанада ТМД-дағы ең ірі ауылшаруашылық кешені салынады

0
956

Оған 500 миллионнан 1,3 млрд АҚШ долларына дейінгі мөлшерде инвестиция салынуы мүмкін.


Астанада ТМД-дағы ең ірі ауылшаруашылық кешені салынады

ERNUR.KZ. ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының орынбасары Тимур Сүлейменов Мемлекет басшысының Американың ірі компанияларының басшыларымен өткізген кездесулерінің қорытындысын айтты, деп жазады ҚазАқпарат.

«Президенттің АҚШ-қа сапарының басты тақырыбы – БҰҰ Бас Ассамблеясына қатысуы болғанымен, экономикалық мәселелерге көп көңіл бөлінді. Дегенмен, көптеген екіжақты кездесулер болды, Американың әлі бізбен жұмыс істемеген компанияларымен 7-8 кездесу өткізілді. Өйткені Қазақстанда шетелдік инвесторлар кеңесі және басқа да форумдар арқылы америкалық инвесторлармен жақсы диалог орнатылған», - деді Тимур Сүлейменов Президенттің Американың жетекші компанияларының басшыларымен кездесуінен кейін.

Ол сонымен қатар, Президенттің дәл қай компаниялармен кездескенін айтты.

«Президент мұнда Amazon, Plug&Play компанияларымен, ауыл шаруашылығындағы Tyson Foods, Marmot Industries сияқты компаниялардың басшыларымен кездесті. Негізінде осы кездесулердің сипаты да біздің нені басты орынға қоятынымызды көрсетеді. Біз экономиканы әртараптандыруды, цифрландыруды басты орынға қоямыз. Сондықтан Американың осы сектордағы үш жаһандық компаниясымен кездесу өтті. Солардың бір бөлігі келер жылы Нұр-Сұлтандағы Стартап хабтың базасында өз кеңсесін ашатын болды, яғни ЭКСПО-ның инфрақұрылымын пайдаланады», - деп атап көрсетті Т. Сүлейменов.

Айрықша ауқымды жобалардың бірі – ауылшаруашылық кешенін салу. Президент Әкімшілігі басшысының орынбасарының айтуынша, ол посткеңестік кеңістіктегі ең ірі жоба болады.

«Ауқымды ауылшаруашылық жобасы бар. Егер ол іске қосылса, Орталық Азияда ғана емес, бүкіл посткеңестік кеңістіктегі ең ірі кешен болады. Оған 500 миллионнан 1,3 млрд АҚШ долларына дейінгі мөлшерде инвестиция салынуы мүмкін. Қомақты инвестициядан тыс жақсы технологиялар келеді. Интеграцияланған кешен жайлаудан өнім өңдеуге дейінгі секторларды қамтиды. Оның өнімдерінің 70%-ын экспортқа шығару жоспарланып отыр», - деді спикер.

«Президент Қытайға барған сапарында келісімге келген америкалық инвесторлармен де кездесті. Ол жақта бірқатар ет және өсімдік өнімдерінің ветеринарлық және фитосанитарлық сертификаттарын мойындау туралы келісім жасалғаны естеріңізде шығар. Сондықтан кез келген инвесторды Қытай нарығының ашылуы алып магнит сияқты тартады. Сондықтан, ендігі жұмыстарды тиісті министрлік және жалпы үкімет жүргізеді, жыл соңына дейін дайын инвестициялық шешімдер қолымызда болады деген үміт бар», - деп түйді Т. Сүлейменов.