Енді өнер университеті Күләш Байсейітованың есімін алып жүреді
ERNUR.KZ. Астанадағы Қазақ ұлттық өнер университетіне Күләш Байсейітованың есімі беріледі. Бұл туралы бүгін президент Қасым-Жомарт Тоқаев мәлім етті, деп жазады azattyq-ruhy.kz.
Мәдениет және өнер қызметкерлерін марапаттау рәсімінде Қасым-Жомарт Тоқаев халқымыз дарынды ұл-қыздарын қашанда қадірлей білгеніне назар аударып, Астанадағы Қазақ ұлттық өнер университетіне Күләш Байсейітованың есімін беру туралы шешім қабылдағанын айтқан.
«Бұл – әйгілі әншіге көрсетілген зор құрмет әрі ерекше өнерімен тарихта қалған тұлғаларға ел ықыласының айрықша белгісі. Түптеп келгенде, мұны тарихи әділдікті қалпына келтіру деп түсінген жөн. Аға буынның өнердегі жолын қазіргі жастарымыз да лайықты жалғастырып келеді. Осы сабақтастықты сақтау өте маңызды», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Айта кетейік, бүгін Астанада мемлекет басшысы мәдениет және өнер қызметкерлерін марапаттау рәсіміне қатысты.