Ата-аналар да талапты сақтау қажет: Білім министрлігі биылғы өзгерістерді жариялады

0
1 053

Жаңа оқу жылында ата-аналар балаларды мектепке алып келіп, үйіне өзі алып кетуі керек. Сабақтар арасындағы үзілістер әр сыныпқа әр түрлі уақытта беріледі.


Ата-аналар да талапты сақтау қажет: Білім министрлігі биылғы өзгерістерді жариялады

Еліміз бойынша жаңа 2020-2021 оқу жылына дайындық аясында мектептер ата-аналар жиналысын өткізді. Мектеп әкімшілігі мен сынып жетекшілері ата-аналарға оқу жылының баласы оқитын мектепте қалай басталатынын егжей-тегжейлі түсіндіріп, сұрақтарға жауап берді, деп хабарлайды ERNUR.KZ БҒМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Онлайн жиын барысында сынып жетекшілер оқушыларының ата-аналарына қазіргі эпидемиологиялық жағдайда мектептің қандай оқыту форматын таңдағанын түсіндірді. Жаңа оқу жылы қашықтан білім беру форматында басталады.


"Ата-аналардың тілектері мен өтініштері бойынша бастауыш сынып оқушылары мектепке барып оқи алады. Бұл ретте білім алушылар мен педагогтердің дене қызуы күн сайын өлшенетін болады. Кезекші сыныпта созылмалы аурулары жоқ балалар ғана білім ала алады (өтініште көрсетіледі). Бір сыныпта оқушы саны 15-тен аспайтын болады. Өтініштерді сынып жетекшілері қолжетімді байланыс құралдары арқылы қабылдайды. «Кезекші сыныпқа» қабылдау 25 тамызда басталады", - делінген хабарламада.


Бұдан бөлек, санитарлық-эпидемиологиялық жағдайы қолайлы ауылдық елді мекендерде оқу процесі санитарлық қауіпсіздік шараларын сақтай отырып, дәстүрлі форматта жүргізілетін болады.


Ата-аналар балаларды мектепке алып келіп, үйіне өзі алып кетуі керек. Кезекші сыныптарда сабақтың ұзақтығы 40 минутты құрайтын болады, - дейді министрлік өкілдері.


Сабақтар арасындағы үзілістер әр сыныпқа әр түрлі уақытта беріледі. Әрбір екінші сабақтан кейін кабинеттерде және әр үзілістен кейін, ауысымдар арасында, дәліздерде, холлдарда ылғалды тазарту жұмыстары жүргізілетін болады. Мектеп асханасы мен буфеттің қызметі уақытша тоқтатылды.

Білім беру ұйымдары зарарсыздандыруға арналған құралдармен, аяқ киімді зарарсыздандыруға арналған кілемшелермен, санитайзерлармен қамтамасыз етіледі.


"Мектеп формасына қойылатын талаптар жойылмайды, бірақ тиісті бұйрыққа уақытша өзгерістер енгізіледі. Яғни ата-аналар жаңа оқу жылында (1 қыркүйектен бастап 25 мамырға дейін) баласын мектепке мектеп формасымен немесе басқа ыңғайлы киіммен жіберуге қатысты шешімді өзі қабылдайды", - деп түсіндірді мамандар.


Шағын жинақты мектептерде оқитын оқушылардың ата-аналарына да санитарлық шараларды сақтау қажеттілігі туралы айтылды.

Сондай-ақ бүгін балалары қашықтан оқитын ата-аналар үшін білім беру платформаларының мүмкіндіктері көрсетілді.

Айта кетейік, Білім және ғылым министрлігі қандай да бір білім беру интернет-платформасын таңдауға қатысты шешім қабылдамайды. Әрбір мектеп қашықтан оқытуды ұйымдастыруға негіз болатын интернет-платформаны өзі таңдайды.

Өткен оқу жылының төртінші тоқсанындағыдай, дүйсенбіден жұмаға дейін "Балапан" және "Ел-Арна" республикалық телеарналарында қосымша білім беру ресурсы ретінде пайдалану үшін телесабақтар көрсетілетін болады.

Сонымен қатар карантиндік және шектеу шаралары жағдайында 1-11(12) сыныптарда оқу жетістіктерін бағалау жүйесіне қатысты уақытша өзгерістер енгізілді. Жаңа оқу жылында тоқсан сайын бөлім үшін 1 жиынтық жұмыс және тоқсан үшін 1 жиынтық жұмыс жүргізіледі. Тоқсандық бағалау күнделікті бағалау, БЖБ және ТЖБ көрсеткіштері негізінде шығарылатын болады.