Бүгінде іске асып жатқан әлеуметтік маңызы бар жобалардың бірі - «Атқарушылық жазбаны цифрландыру».
ERNUR.KZ. Бұрын бұл процесс тек қағаз түрінде жүзеге асырылатын және бұл бірқатар проблема туғызған. Нотаруистың МҚҰ және жеке сот орындаушылары арасында сөз байласу жағдайлары салдарынан адал азаматтар зардап шекті. Борышкерлер материалдарға уақытылы қол жеткізе алмай, қарсылықтарды жедел жібере алмады. Аумақтық қағидаты жиі бұзылып, әділет органдарына жыл сайын 7 мыңға жуық шағым келіп түсті. Бұл жайлы ҚР әділет вице-министрі Бекболат Молдабеков ОКҚ алаңында өткен баспасөз мәслихатында хабарлады.
Оның айтуынша, бұл, жүйеде ақаулар бар екендігін анық көрсетті. Осыған жауап ретінде, барлық іс-әрекеттің ашықтығын, бекітілуін және тараптардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз ететін нотариаттық жазбаларды орындаудың цифрлық тетігі әзірленіп, енгізілді.
«Жеке кабинет құрылды, ол арқылы борышкердің хабарлама және қарсылық жолдамасын алу мүмкіндігі бар. Негізделген қарсылық болған кезде нотариус атқарушылық жазбаның күшін жоюға міндетті. Өйткені бұл жағдайда қарыздың дау туғызбайтыны анық. Жобаны іске асыру айтарлықтай нәтиже көрсетті. Мәселен, 9 500 атқарушылық жазба жойылды, бұл азаматтардың құқықтарын қалпына келтірудегі және теріс пайдалануды жоюдағы маңызды қадам болды», – деді спикер.
Сондай-ақ бұрын корпоративтік құжат айналымы саласындағы өзекті мәселелердің бірі заңды тұлғалар берген сенімхаттарды тексеру мүмкіндігінің болмауы еді. Сенімхаттар тек қағаз түрінде рәсімделіп, олардың түпнұсқалығы тексерілмеді. Салдарынан алаяқтық пен жалған құжаттардың пайда болу қаупі жоғары болды. Осы кедергілерді жою үшін eGovMobile Business мобильді қосымшасында заңды тұлғалардың басшыларына арналған жаңа цифрлық құрал енгізілді. Енді заңды тұлғаның басшысы қызметкерге сенімхат беру үшін тек қосымшаны пайдаланады, ал сенімхат «Цифрлық құжаттар» сервисіне келіп түседі. Барлық мүдделі тарап QR код арқылы сенімхаттың түпнұсқалығын оңай тексере алады. Заңнамаға сәйкес цифрлық сенімхат қағазға теңестірілген және бірдей заңды күшке ие.
Сонымен қатар азаматтардың өзін-өзі құқықтық қорғау және оларға тегін заң көмегін көрсету мақсатында «Е-заң көмегі» жобасы іске асты. Ал, «Е-сараптама» жүйесі елде электрондық түрде жүзеге асатын қылмыстық сот процестеріндегі өзара іс-қимылды цифрландыруға мүмкіндік берді.