Атырау облысында далаға тағы да лас су төгіліп жатыр

0
542

Көрсетілген фактінің анық-қанығына көз жеткізу үшін газ-химия кешенінде және сервистік компанияларда жоспардан тыс тексеру жүргізіледі.


Атырау облысында далаға тағы да лас су төгіліп жатыр

ERNUR.KZ. Атырау облысында далаға тағы да лас су төгіліп жатыр, деп жазады ҚазАқпарат.

«AQIQAT» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ғазиз Ғабдуллиннің айтуынша, лас судың төгілген жері Мақат ауданында.

«KPI компаниясы мен оған мердігерлік қызмет көрсетуші компаниялар бұдан бұрын да, қазір де зауыттың артына экологиямызға зиянды қалдықтарды төгіп жүр. Бұл әрекеттері үшін бұрын жауапкершілікке тартылды. Қазіргі уақытта экологиямызға қайталама залалын келтіруде. Қаншама гектар жайылым жерді бүлдіріп жатыр», -деп жазады Ғазиз Ғабдуллин.

Облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев ҚазАқпарат тілшісіне хабарлағандай, табиғат пайдалану және табиғи ресурстарды реттеу басқармасы әлеуметтік желілердегі ақпаратпен танысып, экология департаментіне хат жолдаған.

Көрсетілген фактінің анық-қанығына көз жеткізу үшін газ-химия кешенінде және сервистік компанияларда жоспардан тыс тексеру жүргізіледі. Нәтижесі қосымша хабарланады.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда лас судан көл жасаған кәсіпорынға 10 млн теңге айыппұл салынғанын жазған болатынбыз.

Атырау облыстық экология департаментінің басшысы Әлібек Бекмұхаметовтің мәліметінше, арнайы экономикалық аймақта орналасқан кәсіпорын лас суды далаға төгіп, соның салдарынан жасанды көл түзілген.

«Әлеуметтік желіде аталған серіктестіктің жер астына көмілген құбырдан құрамы белгісіз лас суды жер бетіне рұқсатсыз төккені туралы бейнежазбалар жарияланған. Осылайша, «Karabatan Utility Solutions» ЖШС тарапынан экологиялық заңнама талабы бұзылған. Осыған байланысты департамент қызметкерлері жоспардан тыс тексеріс жүргізді. Тексеру қорытындысы бойынша көрсетілген деректер расталды. Қазір серіктестікке заңбұзушылық фактісі бойынша әкімшілік іс қозғалды. ҚР Әкімшілік құқық бұзу туралы кодексі 328-бабының 1-тармағымен қоршаған ортаға эмиссияның нормативін асырғаны үшін әкімшілік жазаға тартылып, 10 млн 448 мың теңге айыппұл салынды», - деп хабарлады Әлібек Бекмұхаметов.

Сондай-ақ, Атырау облысында мұнайға ұқсас сұйықтық төгілген жер табылғанын, оның екі жылдан бері тазаланбағанын хабарлаған едік.