Каспий теңізінің жағасында жабайы құстар осыдан үш апта бұрын өле бастаған.
ERNUR.KZ. Атыраудаға «Ақ Жайық» табиғи мемлекеттік резерватында құстардың қырылуына жұқпалы пастереллез себеп болған, деп хабарлайды КТК телеарнасы.
Елордада жасалған сараптама қорытындысы осыны көрсетіп отыр. Алайда қанаттылардың кеселді қайдан жұқтырғаны белгісіз. Өйткені су мен топырақтан және балықтан алынған сынама қорытындысында бұл дерттің белгісі байқалмапты.
- Бұл құстар үй құсы емес, жабайы құстар. Олар Каспий теңізінен келіп, ұя, балапан салатын құстар. Көктемде келіп, күзде қайта ұшады. Құс белгісіз себеппен болғандықтан, әрі қарай тағы зерттеледі, - дейді Атырау облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы басшысының орынбасары Арман Молдашев.
Каспий теңізінің жағасында жабайы құстар осыдан үш апта бұрын өле бастаған. Осы уақытқа дейін суқұзғындар мен шағалалардың 150-ден астамы қырылыпты. Олардың пастереллезден өлгенін естіген жергілікті тұрғындар үрейленіп отыр. Өйткені аталмыш дерт жан-жанаурлардан адамға да жұғады. Сондықтан мамандар қауіпті инфекцияның тұрғындарға тигізер зиянын да анықтап жатыр.