Облыс аумағында "Қазгидрометтің" 12 гидробекеті орналасқан.
фото: Пресс-служба президента Казахстана
ERNUR.KZ. Атырау облысының әкімі Серік Шәпкеновтің төрағалығымен өңірде су тасқынының алдын алу туралы әкімдік отырысы өтті, деп жазады sputnik.kz.
"Қазгидромет" РМК Атырау филиалының директоры Салауат Төленовтің айтуынша, Ресейден үлкен көлемде су келуі мүмкін деген болжам бар.
"Облыс аумағында "Қазгидрометтің" 12 гидробекеті орналасқан. Мұнда күніне екі рет су деңгейі, ауа температурасы, мұз жағдайы өлшеніп, айына үш рет су өтімі тексеріліп, стандартты бақылау жүргізіледі. Қазір облыстың барлық су объектісінде гидрологиялық жағдай тұрақты, мұз қату кезеңі жүріп жатыр. Өзендерде қысқы кезеңге тән деңгейлер жүруде. 28 желтоқсаннан бүгінге дейін Иректі су қоймасының су төгіндісі секундына 60 текше метрді құрады. Өткен ақпанда су жіберу секундына 25 текше метр болған. Кеше Иректі су қоймасының жұмыс көлемі - 2 624 млн, судың келуі 19,1 текше метр/сек болды", - деді Салауат Төленов.
Серік Шәпкенов тек шекті деңгейлерді емес, келіп жатқан судың көлемін де ескеру керектігін айтты. Бұл ретте көпжылдық орташа көрсеткішке, өткен жылғы мәліметтер мен жоспарланған көлемдерге сүйену маңызды. Өткен жылғы тәжірибе көрсеткендей, су белгіленген деңгейге ғана жетіп қоймай, барлық каналға тарап, қосымша қауіп төндіреді. Осыған байланысты Ақтөбе және БҚО шекарасына жақын жерге су келу көлемін бақылау үшін бекеттер ашу, сондай-ақ су басу қаупі жоғары 51 елді мекенде маусымдық гидробекеттер орнату керек.
Былтыр Жайық өзені бойында 590 км бөгет, 20 км канал қазылды, республикалық және облыстық маңызы бар жолдарда 8 су өткізгіш қондырғы орнатылды. Өзен учаскелерінде 7 км жағалау нығайтылып, 121 км түп тереңдетіліп, 90 км жаға бекітіліп, тазартылды.
"Тасқынға қарсы іс-шаралар әлі де жүргізілуде, наурызда толық аяқтау жоспарланды. Төтенше жағдай резервінде жанар-жағармай, инертті материалдар мен қапшықтар қоры құрылды. Нөпір судың салдарымен күреске 1510 адам, 244 техника, соның ішінде жүзу құралдары мен тікұшақтар дайын. Одан бөлек, қажеттілік болған жағдайда басқа өңірлердің күштері мен құралдарын жұмылдыру қарастырылды", - деді Жаңабаев.
Аймақ басшысы салынған бөгеттерді тексеріп, қажет болса нығайтуды, сондай-ақ қар суы келетін аумақтардағы гидрологиялық жағдайды бақылауды тапсырды.
"Былтыр бізге үлкен сынақ болды. Өзіміздің осал жерімізді байқадық, енді барлық техника әр елді мекенде дайын болуы керек. Сонымен қатар, эвакуацияны тиімді ұйымдастыру мәселесіне де ерекше назар аудару қажет. Су басу қаупі жоғары аймақтардағы шаруақожалықтарға алдын ала ескертіп, малды уақытша орналастыратын орындар дайындалуы қажет. Барлық су өткізу нысандары мен салынған бөгеттер жан-жақты тексеріліп, жедел штабқа нақты ақпарат ұсынылуы тиіс. Былтыр қомақты қаржы бөліп, материалдық-техникалық базамызды жаңарттық. Біз ең нашар жағдайға дайын болуымыз керек, босаңсуға болмайды", - деді Шәпкенов.