​Атырауда жасөспірім қыз үшінші қабаттан құлап кетті

0
2 053

Жапа шеккен жасөспірім ауруханаға жатқызылды. ТЖК баспасөз қызметі балалардың тұрғын үйдің терезесі немесе балконынан құлап кету оқиғалары көбінесе ата-аналар балаларын қараусыз қалдырғанда болатынын ескертті және оның алдын-алу амалдарын ұсынды.


​Атырауда жасөспірім қыз үшінші қабаттан құлап кетті

иллюстрациялық сурет

ERNUR.KZ. Атырау қаласындағы Нұрсая шағынауданында 5 қабатты тұрғын үйдің үшінші қабатынан 2005 жылғы қыз бала құлап кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің баспасөз қызметіне сілтемемен.

Жапа шеккен жасөспірім ауруханаға жатқызылды. ТЖК баспасөз қызметі балалардың тұрғын үйдің терезесі немесе балконынан құлап кету оқиғалары көбінесе ата-аналар балаларын қараусыз қалдырғанда болатынын ескертті және оның алдын-алу амалдарын ұсынды.

«Кішкене балаларды жалғыз қалдырмаңыздар. Масадан қорғайтын тор баланы терезеден құлап кетуден сақтамайды. Керісінше кейбір қайғылы оқиғалар сондай торлардың кесірінен болады. Бала терезеге қалай сүйенсе, оған да солай сүйенуге болады деп ойлап қалады. Осының кесірінен қайғылы оқиғалар орын алып жатады. Мүмкіндігінше үстіңгі терезені ашыңыз. Астыңғы бөлігін ашпауға тырысыңыз. Балаға терезеден бір нәрсе көрсетер болсаңыз, оны мықтап ұстап тұрыңыз. Бала кез келген сәтте қалт қимылдап қалуы мүмкін. Алақаныңыз құрғақ болуы керек және оны киімінен емес, денесінен мығым ұстаңыз» делінген хабарламада.

Сондай-ақ, төтенше жағдайлар қызметі бөлмені желдеткен кезде онда бала қалып қоймағанын тексеру керектігін ескертеді. Одан бөлек, балконның да бала өміріне қауіп тудыратынын еске салады.

«Бөлмені желдеткен кезде бала қараусыз қалмасын. Оларға жалғыз өзі балконға шығуға болмайтынын ескертіңіз. Ұйықтап жатқан баланы үйде жалғыз қалдырмаңыз, ол оянып кетіп, балконға шығып кетуі мүмкін. Терезенің алдына жиһаз қоймаңыз. Бала сол арқылы терезенің алдына шығып кетуі мүмкін», - деп жазады ТЖК.