Апелляциялық инстанция Талдықорғанда кәмелетке толмаған қызға зорлық-зомбылық жасау ісі бойынша шығарылған үкімді өзгертті.
Фото:depositphotos.com
ERNUR.KZ. Талдықорғанда апелляциялық сот ер адамға өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады, - деп жазады tengrinews.kz.
Апелляциялық инстанция Талдықорғанда кәмелетке толмаған қызға зорлық-зомбылық жасау ісі бойынша шығарылған үкімді өзгертті. Сотталушы өмір бойына бас бостандығынан айырылды.
Оқиға 2024 жылдың тамызында болған. 38 жастағы ер адам мас күйінде көршілерінің үйіне кіріп, 12 жастағы мектеп оқушысына шабуыл жасағаны анықталған. Күдікті бірнеше сағат ішінде ұсталып, сот оны қамауға алуға санкция берген.
Тергеу ҚР Қылмыстық кодексінің 121-бабы 4-бөлігі "Кәмелетке толмағанға қатысты сексуалдық сипаттағы күш қолдану әрекеттері" бойынша жүргізілген, бұл бап өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын қарастырады. Іс қоғамдық резонанс тудырғандықтан ерекше бақылауға алынған.
Тергеу аяқталғаннан кейін іс Жетісу облысының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер жөніндегі сотына жіберілген. Сот отырыстары жабық түрде өткен. 2025 жылғы қаңтарда сот айыпталушының әрекетін қайта саралап, оны 15 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарған. Бұл шешім прокуратура тарапынан қарсылық тудырып, олар неғұрлым қатаң жаза тағайындауды талап еткен.
Апелляциялық шағымды қарау нәтижесінде үкім қайта қаралды.
"Сот айыпталушының әрекетін жыныстық қол сұғылмаушылыққа қарсы қылмыс жасауға оқталу ретінде саралап, тек 15 жылға бас бостандығынан айырған болатын. Прокуратура жаза түрін қатаңдату туралы өтініш білдірді. Прокуратураның дәйекті және принципті ұстанымының нәтижесінде үкім апелляциялық инстанциямен өзгертіліп, кінәлі адам өмір бойына бас бостандығынан айырылды", - деп хабарлады Жетісу облысының прокуратурасы.
Облыс прокуратурасының мәліметінше, үкім заңды күшіне енді.