Бүгінде ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың негізгі драйверлерінің біріне айналуда.
ERNUR.KZ. Ауыл шаруашылығы шикізаты өндірісін ұлғайтып қана қоймай, оны ел ішінде, оның ішінде терең өңдеу арқылы жоғары қосылған құны бар өнімдерге айналдыруды қамтамасыз ету стратегиялық міндет. Қайта өңдеу жаңа өндірістік тізбектерді қалыптастыруға, өңірлерде жұмыс орындарын ашуға, экспорттық әлеуетті арттыруға және аграрлық экономиканың тұрақты өсуін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Осыған байланысты Мемлекет басшысы өңделген өнім үлесін 70%-ға дейін жеткізу жөнінде нақты міндет қойды. Бұл туралы ҚР ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүреков ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында айтты.
Оның хабарлауынша, қайта өңдеу өнеркәсібінің дамуы ауыл шаруашылығының шикізаттық базасын нығайтумен тікелей байланысты.
«Соңғы жылдары Қазақстанның аграрлық секторы тұрақты өсім көрсетуде. 2025 жылдың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 5,9%-ға өсіп, 9,8 трлн теңгені құрады. Өсім өсімдік шаруашылығында да, мал шаруашылығында да байқалды. Өсімдік шаруашылығында таза салмақта 25,9 млн тонна астық, оның ішінде 19,3 млн тонна бидай жиналды. Майлы дақылдардан 4,8 млн тонна рекордтық өнім, сондай-ақ 1 млн тоннадан астам бұршақ дақылдары алынды», – деді спикер.
Егіс алқаптарын әртараптандыру нәтижесінде өндіріс құрылымы айтарлықтай өзгерді. Бидайдың монодақыл ретіндегі алқабы 900 мың гектарға жуық қысқартылды, ал бұршақ дақылдарының алқабы 275 мың гектарға, майлы дақылдар 1 млн-нан астам гектарға ұлғайтылды. Мұндай өзгерістер ауыл шаруашылығының тұрақты құрылымын қалыптастырып қана қоймай, қайта өңдеу кәсіпорындары үшін шикізат базасын кеңейтеді.
Ауыл шаруашылығы шикізаты өндірісінің өсуі аясында қайта өңдеу өнеркәсібі де дамуда. 2025 жылдың қорытындысы бойынша тамақ өнімдерін өндіру көлемі 3,9 трлн теңгені құрады, бұл 2024 жылмен салыстырғанда 8,1%-ға жоғары. Өндірістің өсуі өнімнің көптеген түрлері бойынша байқалады. Ет консервілерінің өндірісі 43%-ға, жарма өнімдері 28,7%-ға, қайта өңделген және консервіленген жеміс-көкөністер 27%-ға, сары май 24,8%-ға, өсімдік майы 17,4%-ға, макарон өнімдері 12,5%-ға артты. Ұн өндірісі 3,6 млн тоннаға дейін өсті, ірімшік пен сүзбе өндірісі 13%-ға, қышқыл сүт өнімдері 8%-дан асты.


