Аяқталмаған жөндеу үшін 6,5 млн теңге аударған ауыл әкімі тәртіптік жазаға тартылды

0
260


Аяқталмаған жөндеу үшін 6,5 млн теңге аударған ауыл әкімі тәртіптік жазаға тартылды

Қаратөбе ауданы Егіндікөл ауылдық округінің әкімі мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіп бұзушылық жасағаны үшін тәртіптік жауапкершілікке тартылды, деп жазады kaz.inform.kz.



Қаратөбе ауданы прокуратурасы бұқаралық спортты дамытуға бағытталған шаралар аясында жүргізілген тексеру барысында 6,5 миллион теңгеден астам соманың негізсіз аударылғанын анықтады. Атап айтқанда, 2024 жылғы 14 қарашада құны 6 599 900 теңге болатын шағын футбол алаңын ағымдағы жөндеу жұмыстары аяқталмағанына қарамастан, әкімдік атқарылған жұмыстар актісіне қол қойған.

Прокуратура фото және бейне материалдар арқылы объектіні көзбен шолып қарау кезінде бірқатар жұмыс түрлері орындалмағанын анықтады. Мәселен:

орама жабын төселмеген,

қоқыс жәшіктері мен орындықтар орнатылмаған,

жарық шамдары жоқ,

қоршау жұмыстары толық аяқталмаған.

Тексеру нәтижесінде прокурорлық қадағалау актісі енгізіліп, аудан әкімдігі мердігер ұйымнан барлық жұмыстарды сметалық құжаттамаға сәйкес толық орындауды талап етті.

Сонымен қатар, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Әдеп жөніндегі кеңесі ауыл әкіміне қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту берді.