“Аздап жетпей тұр“. Назым Қызайбай Олимпиадағы жеңісі үшін алған сыйлығын неге сатқалы жатқанын түсіндірді

0
102

2024 жылы Парижде өткен Олимпиада ойындарында Назым Қызайбай 50 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде қола медаль жеңіп алған болатын.


“Аздап жетпей тұр“. Назым Қызайбай Олимпиадағы жеңісі үшін алған сыйлығын неге сатқалы жатқанын түсіндірді

Фото: instagram.com/nazym_kyzaibay09; видео кадры

ERNUR.KZ. Қазақстандық боксшы, үш дүркін әлем чемпионы Назым Қызайбай Олимпиададағы жеңісі үшін сыйға алған көлігін не себепті сатқалы жатқанын айтты, деп жазады tengrinews.kz.

2024 жылы Парижде өткен Олимпиада ойындарында Назым Қызайбай 50 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде қола медаль жеңіп алған болатын. Елге оралған соң спортшыға бірқатар сыйлық жасалып, төрт бірдей автокөлік табысталған: Lixiang L7, Mini, Zeekr және Lixiang L6.

Бұған дейін боксшы Lixiang L7 көлігін өзіне қалдырып, қалғандарын сатқанын айтқан еді. Алайда 2025 жылдың аяғында бұл көлігін де сатуға ниетті екенін мәлімдеді.

Назым Қызайбайдың айтуынша, көлікті сатудан түскен қаражатты жеке кәсібіне салмақ. Атап айтқанда, ол өз бокс залын ашуды жоспарлап отыр.

"Шынымды айтсам, өкінішті болды. Көлік маған өте ұнаған еді. Ол мен үшін Олимпиаданың естелігі еді. Оны маған ауылым, халық сыйлады. Менің бірнеше көлігім, сыйақыларым болды. Әрдайым ата-анама үлкен үй алып беруді армандайтынмын. Сатып бердім. Сонымен қатар, бауырларыма да көмектестім. Соның бәрінен кейін белгілі бір қаражат қалды. Одан бөлек әрдайым өз залымды ашу арманым болған.
Олимпиададан кейін зал ашуға көмектесеміз деген адамдар болды, бірақ бір жылдан астам уақыт өтсе де нақты нәтиже болмады. Мен ешкімнің маған міндетті емес екенін түсінемін. Сондықтан бұл істі өзім бастауды жөн көрдім. Өз ісімнің болғанын қалаймын. Қазір спортта жүргенде, жаттығып жүргенде, біртіндеп жеке ісімді дамытқым келеді. Өйткені біз спортта мәңгі жүрмейміз. Кейін табыс табатын бір іс қажет болады", – деді Назым Қызайбай Tengri Sport-қа берген сұхбатында.

Сондай-ақ, ол зал ашу арқылы қазір жұмыссыз жүрген боксшы құрбыларына қолдау көрсетіп, жұмыс орнын ұсынғысы да келетінін айтты.

Назым Қызайбай қазіргі уақытта Алматыда жылжымайтын мүлік бағасы өте қымбат екенін айтты. Оның сөзінше, көлікті сатудан түскен қаражат залға арналған орын сатып алуға жетуі тиіс.

"Өздеріңіз білесіздер, қазір Алматыда жылжымайтын мүлік өте қымбат. Оның үстіне залдың ішін де толықтай ретке келтіру керек. Қазір аздап жетпей тұр. Сондықтан көлікті сатқым келеді. Ал кейін мүмкіндігінше ішін жабдықтаймын", – деп толықтырды ол.

Болашақ бокс залында балалармен қатар орта жастағы әйелдерге де арналған топтар ашу жоспарланып отыр. Сонымен қатар, спортшы кішкентай балаларға арналған тегін топтар енгізіп, өзі де жаттықтырушы ретінде сабақ беруді көздеп отыр.