«Бақытты отбасы»: Жеңілдетілген баспана алудың екінші кезеңі іске қосылды

0
1 734

Бағдарлама бойынша пәтерді жаңа және қолданыстағы үйлерден алуға болады.


«Бақытты отбасы»: Жеңілдетілген баспана алудың екінші кезеңі іске қосылды

Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі «Бақытты отбасы» бағдарламасының екінші кезеңін іске қосуда, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Бүгінгі таңда Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі («Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы) «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша 4 862 қазақстандық отбасының тұрғын үй мәселесін шешуге септігін тигізді. Бұған қоса, тағы 261 отбасы несиелері бойынша мақұлдау алып, болашақ баспанасын іздестіріп жатыр.

Бағдарлама аясында берілген 4 862 займ бойынша, жеңілдетілген несиеге 1 768 көпбалалы және 2 408 толық емес отбасы, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған 686 отбасы қол жеткізді. Сондай-ақ, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі «Бақытты отбасы» қалалық бағдарламасы шеңберінде Алматы қаласында тұратын 284 көпбалалы отбасының тиімді шарттармен баспана алуына көмектесіп, 2019 жылы осы мақсатта бөлінген 50 млрд теңге қаражатты игерді.

Биыл олар үшін бюджет тарапынан бөлінетін лимит мөлшері екі есеге ұлғайтылды. Ол 100 млрд теңгені құрайды. Яғни, қолжетімді займ осы жылы шамамен 10 000 отбасыға беріледі.
Кеше ҚР Үкімет отырысында «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша 50 млрд теңге көлеміндегі алғашқы бюджеттік несиені бөлу жөнінде қаулы қабылданды. 50 млрд теңге көлеміндегі келесі транш 2020 жылдың екінші жарты жылдығында беріледі.
2020 жылы «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша несиелік өтінімдер 11 наурыздан бастап қабылдана бастайды.
"Біздің есептеуіміз бойынша, «Бақытты отбасы» бағдарламасына қатысқан отбасылар жалпы алғанда 14 000 сәби тәрбиелеп отыр. Бүгінде олардың бәрінің өз үйі, ойын ойнап, сабағына дайындалатын жеке бөлмесі бар. Оның үстіне, мектептері де жап-жақын. Биыл біз осы әлеуметтік маңызы зор бағдарламаны одан әрі жалғастыратын боламыз. Оның несие беру шарттары да толықтай сақталған. Банкке жергілікті әкімдіктен жолдама алған соң хабарласқан жөн. Займ мөлшерлемесі бұрынғысынша 10%-дық бастапқы жарнамен жылдық 2%-ды құрайды. Биылғы жылы енгізілген басты өзгеріс – ең жоғары табыс көлемі. Енді ол күнкөріс минимумының мөлшеріне сәйкес есептелінетін болады. Талаптарға сай, жеңілдетілген займ алу үшін әр отбасы мүшесіне келетін табыс мөлшері соңғы алты айда ай сайын екі күнкөріс мимнимумынан, яғни, 62 366 теңгеден аспауы қажет. Осылайша, бұған дейін осы талапқа сай келмеген отбасылар осы жылы бағдарламаға қатысып, қоныс тойын тойлай алады", - дейді Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова.
«Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша пәтерді жаңа және қолданыстағы үйлерден алуға болады. Сондай-ақ, жер үй сатып алу мүмкіндігі де бар. Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Ақтау, Атырау қалаларындағы ең жоғары займ сомасы 15 млн. теңгені құрайды, қалған аймақтарда ол 10 млн. теңгеге тең.