"Балыққа шыққан": Қарағанды облысында ерлі-зайыптының біреуі қаза тапты

0
105

Іздестіру-құтқару жұмыстары бір тәуліктен астам уақытқа созылды.


Фото: ТЖМ

ERNUR.KZ. Қарағанды облысында балық аулауға шыққан сапар қайғылы жағдаймен аяқталды. Мұз үстімен өтпек болған автокөлік суға кетіп, 63 жастағы әйел көз жұмды, деп жазады inbusiness.kz.

Қайғылы оқиға 10 ақпанда Топар кенті маңындағы Шерубайнұра су қоймасында болды. Көлікте 1957 жылы туған ер адам мен 1962 жылы туған жұбайы болған. Алдын ала мәлімет бойынша, жүргізуші жолды қысқартуды көздеп, көлікпен мұз үстіне шыққан. Алайда мұз жамылғысы салмақты көтермей, мұз опырылып, санаулы минуттардың ішінде су астына батып кеткен.

Ер адам көліктен өздігінен шығып үлгерген. Ол медициналық көмектен бас тартты. Іздестіру-құтқару жұмыстары бір тәуліктен астам уақытқа созылды.

11 ақпан күні таңертең Қарағанды облысы Төтенше жағдайлар департаментінің сүңгуірлері әйелдің денесін автокөлік батқан жерден шамамен төрт метр қашықтықтан тапты. Аталған аумақтағы су тереңдігі шамамен жеті метр болған.

Марқұмның жұбайы оқиғаның қалай болғанын айтып берді.

"Біз балық аулауға бара жатқанбыз. Мұз сырттай берік көрінді. Сондықтан көлікпен үстіне шықтым. Бір мезетте көлік бата бастады. Мен сыртқа шығып үлгердім, ал жұбайым шыға алмады. Оны тек екінші күні тапты", – дейді ол.

Қазіргі уақытта құқық қорғау органдары оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр.

Өңірлік ТЖД мамандары мұз үстіне автокөлікпен шығуға қатаң тыйым салынатынын тағы да еске салды. Құтқарушылардың айтуынша, су айдындарының қатқан беті көлік қозғалысына арналмаған әрі қауіпсіздікке кепілдік бермейді. Мамандар тұрғындарды қарапайым қауіпсіздік талаптарын сақтауға және өміріне қауіп төндірмеуге шақырады.