"Банк ЦентрКредит" Алматыдағы атысқа қатысты пікір білдірді

0
746

"Банк ЦентрКредит" баспасөз қызметі Алматының Ақбұлақ мөлтекауданындағы даулы үйге қатысты пікір білдірді.


ERNUR.KZ. Үйден шығару кезінде ер адам екі полиция қызметкерін, сот орындаушысын және екі бейбіт тұрғынды атып өлтірген, деп жазады Tengrinews.kz.

"Ақбұлақ" мөлтекауданында болған қайғылы оқиғаға байланысты "Банк ЦентрКредит" АҚ қаза тапқандардың туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтады. Қайғылы жағдай бізді дүр сілкіндірді, біз барлық жағдайды тек құқық аясында шешу керек екеніне сенімдіміз", - делінген хабарламада.

Сондықтан банктің баспасөз қызметі оқиғаға қатысты пікір білдіруді жөн көрген.

"2011 жылғы шілдеде "Нано Плюс" ЖШС қарыз алушысына негізгі борыш пен пайыздар бойынша төлемді 6 айға кейінге қалдыра отырып, жалпы сомасы 102 000 000 теңгеге екі қарыз берілген. Шарттар бойынша міндеттемелерді орындауды қамтамасыз ету ретінде кепіл шарттары жасалды, онда кепілмен қамтамасыз ету ретінде тұрғын емес үй-жай, жер учаскесі, сондай-ақ Алматы қаласы, Алатау ауданы, "Ақбұлақ" шағын ауданы, Сыздықов көшесі, 29 үй мекенжайы бойынша орналасқан тұрғын үй қабылданды", - делінген хабарламада.

Банк мәліметінше, міндеттемелерді орындамау туралы 2012 жылдың 11 қазанында және 2013 жылдың 17 қаңтарында хабарламалар жолданған. Қарыз алушы мен кепілгерлердің шарттар бойынша көзделген міндеттемелерді орындамауына байланысты 2013 жылдың 17 сәуірінде берешекті сот тәртібімен өндіріп алу туралы шешім қабылданды. Осы кезден бастап банк осы қарыз бойынша пайыздарды есептеуді тоқтатқан.

Банк Алматы қаласы Алмалы ауданының №2 аудандық сотына қарыз алушы мен кепілгерлерден берешекті өндіріп алу туралы талап арыз берген.

Қазақстан Республикасының "Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы" заңының 74-бабы 2-тармағына сәйкес: "Борышкер сот орындаушысы мүлікке тыйым салуды қолданғаннан және бағалау жүргізгеннен кейін және мүлік алып қойылғанға немесе өткізілгенге дейін сот орындаушысының жазбаша рұқсатымен және ол белгілеген мерзімде тыйым салынған мүлікті бағалау құнынан төмен болмайтын құн бойынша өткізуге құқылы". Борышкер де, кепілгер де бұл құқықтарын пайдаланбады, дейді банк баспасөз қызметі өкілдері.

"Қазақстан Республикасының "Атқарушылық іс жүргізу туралы" заңының 80-бабы 3-тармағына сәйкес: "Электрондық аукцион борышкердің мүлкін өткізуге беру туралы қаулыда көрсетілген бағалау құнынан белгіленген қадаммен мүліктің құнын көтерумен басталады. Егер электрондық аукционға қатысушылардың ешбірі сауда-саттықтың алдын ала белгіленген қадамын қолдай отырып мүлік құнын арттырмаған жағдайда, электрондық аукцион құнды төмендетуге ауысумен жалғасады. Бұл ретте, өткізілетін мүліктің бастапқы бағасы қатысушылардың бірі жарияланған баға бойынша мүлікті сатып алуға келіскен кезге дейін белгіленген қадаммен төмендетіледі, бұл баға электрондық аукционға қойылған мүлік құнының бастапқы бағасының елу пайызынан төмен болмауға тиіс", - деді баспасөз қызметі өкілдері.

2018 жылдың 22 қаңтарында Алматы қаласы Алатау аудандық сотының сырттай шешімімен кепілгердің кепіл ретінде салған тиесілі тұрғын үйі өндіруге жолданған.

2018 жылдың 16 тамызында тұрғын үй түрінде кепілге қойылған мүлікке электрон сот аукциондары өткізіліпті. Электрон аукцион нәтижелері туралы хаттама бойынша Н.С.Тұрғанов жеңімпаз деп танылған. 23.08.2018 жылы жеке сот орындаушысы мен Н.С.Тұрғанов арасында сату-сатып алу келісімшарты жасалған.

"26.12.2018 жылы Алматы қаласы Алатау аудандық сотының ұйғарымымен Алматы қаласы Алатау аудандық сотының 22.01.2018 жылғы тұрғын үй түріндегі кепіл мүлкін өндіріп алуға жүгіну туралы сырттай шешімінің күші жойылды. Алматы қалалық сотының апелляциялық сот алқасының 27.11.2019 жылғы қаулысымен, бастапқы сату құны 29 417 000 теңге мөлшерінде сату кезінде тұрғын үй түріндегі кепілдік мүліктен өндіріп алуды қолдану туралы банктің талап-арызын қанағаттандыру туралы шешім шығарылды", - делінген хабарламада.

Баспасөз мәліметінше, ҚР Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 27.07.2020 жылғы қаулысымен Алматы қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 27.11.2019 жылғы қаулысын ҚР ҚК азаматтық істер жөніндегі сот алқасының сот отырысында қарау үшін қайта қарау туралы А.П.Демирчян, И.И.Дужнова шағымын қараудан бас тартылды. Осылайша, тұрғын үй Н.С.Тұрғановтың меншігінде қалды (бұрын алғашқы сот саудасында сатып алынған).

"Кейін үйден шығару жеке тұлғаның (сатып алушының) пайдасына сот актісі негізінде жүзеге асырылды, осылайша азаматтар арасындағы көшіру ісі құқықтық қатынастары қайғылы жағдайға ұласқан. Банк тұрғын үйді сатуды да, кейіннен шығаруды да жүргізген жоқ. Банктің кепілінде тұрған тұрғын емес үй-жайға қатысты 07.03.2017 жылғы әлеуетті сатып алушылар болмауына байланысты ол бойынша алғашқы электрон сот саудасы болған жоқ. 18.04.2017 жылғы қайталама электрон сот саудасы өткізілді. Сатып алушылардың болмауына байланысты және жүргізілген сот сауда-саттығының нәтижелері бойынша жоғарыда көрсетілген мүлік аукцион шеңберінде төмендетілетін сауда-саттықтан кейін 96 008 120 теңге сомасына банктің меншігіне өтті. 24.04.2017 жылы банк пен ЖСО (жеке сот орындаушысы) арасында тұрғын емес үй-жайларды сатып алу-сату шарты жасалды", - деді баспасөз қызметі өкілдері.

Бәнк мәліметінше, ұзақ уақыт бойы банк тұрғын емес үй-жайға меншік құқығын тіркей алмаған, өйткені бұрынғы меншік иесі жерге орналастыру жобасы бойынша жұмыстарды жүргізу және техникалық паспорт дайындау үшін жер комитеті мен банк қызметкерлеріне рұқсат бермеген.

Іс жүзінде банк меншік құқығын 2021 жылдың мамырында тіркепті. Тиісінше, 2017 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін банк тұрғын емес мүлікке меншік етпейді және 2021 жылғы шілдеде Алматы қаласы Бостандық аудандық сотына тұрғын емес үй-жайды жер учаскесімен пайдаланудағы кедергілерді жоюға мәжбүрлеу туралы талап-арыз берген.

"Банк осы оқиғада қаза тапқан қазақстандықтардың туған-туыстары мен жақындарына тағы да қайғырып көңіл айтады. Біз осы оқиғаны тергеуге белсенді қатысамыз, іс бойынша барлық қажетті құжатты ұсынамыз және зардап шеккендердің туыстарына жан-жақты көмек көрсетеміз", - деп түйіндеді баспасөз қызметі өкілдері.

Еске салайық, 20 қыркүйекте шамамен сағат 17:00-де Алатау ауданындағы Ақбұлақ мөлтекауданындағы тұрғын үйлердің бірінің 1967 жылғы тұрғыны атыс шығарған. Ол аңшы қаруымен сот орындаушысына, полицияның учаскелік инспекторларына, ТЖД қызметкерлеріне оқ атқан.

Қаза болғандардың ішінде 1982 жылғы майор және 1988 жылғы капитан болған, сонымен қатар сот орындаушысы және дау нысаны болған үйдің жаңа иесі. Алматы ТЖД мәліметінше, департамент қызметкерлері зардап шекпеді.

Құқық қорғау органдары ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабының 2-бөлігі бойынша іс қозғазған. Бұл қылмысты жасағандар 20 жылға немесе өмір бойына бас бостандығынан айырылады. Күдіктіні арнайы қызмет өкілдері оқиға орнында қару қолданбай ұстаған, өйткені үйде әйелдер мен балалар болған.