Борышкер 5 адам өлтірді: депутаттар кредит мөлшерлемесін төмендетуді талап етті

0
720

2014 жылдан бері "Жеке тұлға банкроттығы туралы" заң әзірлеу ұсынылуда. Құжат банкротқа ұшыраған азаматтар баспанасыз қалмауына және отбасын алаңсыз асырауға мүмкіндік береді.


Борышкер 5 адам өлтірді: депутаттар кредит мөлшерлемесін төмендетуді талап етті

ERNUR.KZ. Мәжілістің бір топ депутаты күні кеше Алматыда болған жағдайдан кейін "Жеке тұлға банкроттығы" туралы заң жобасын әзірлеп, кредит ставкасын төмендетуді талап етті, деп жазады sputnik.kz.

"Ақ жол" фракциясының депутаттары Алматыда борышкердің қолынан қаза тапқан бес адамның отбасына қайғырып көңіл айтты.

"Құқық қорғау органдарын жіті тергеу жүргізіп, оқиғаның мән-жайын анықтауға шақырамыз. Себебі қанішердің бұған дейін де заңбұзушылықтары болғаны туралы ақпарат пайда болды", - деді мәжілісмен Андрей Линник премьер-министрдің бірінші орынбасары мен қаржы нарығын реттеу агенттігінің төрағасына жолдаған депутаттық сауалында.

Десе де, депутаттың айтуынша, кешегі болған қайғылы оқиға тек полиция тарапынан ғана емес, қаржы реттеушілердің де мұқият зерттеуін талап етеді. Өйткені бұған борышкердің жалғыз баспанасынан айырылуы себеп болды. Банк кепілдегі мүлікті алу кезінде оның құнын бірнеше есе төмендеткен.

"Өкінішке қарай, мұндай жағдайға кәсіп ашуға бел буған немесе жай ғана кредит алған мыңдаған азамат ұшырайды. Борышкердің көбі, тіпті, суицидке дейін барады. Бірақ мына оқиғада борышкер басқа адамдарға оқ жаудырды. Бұл халықтың қыруар қарызға батқанын, бұл мәселеге тез арада назар аудару қажеттігін көрсетеді. Ұлттық банктің жоғары базалық ставкасы, осындай дауларға қатысты әділетсіз сот шешімдері, сот орындаушылары мен банк қызметкерлерінің алдын ала сөз байласуы жағдайды одан сайын ушықтырып отыр", - деді мәжілісмен.

Линниктің айтуынша, "Ақ жол" фракциясы 2014 жылдан бері "Жеке тұлға банкроттығы туралы" заң әзірлеуді ұсынып келеді. Құжат банкротқа ұшыраған азаматтардың баспанасыз қалмауына және отбасын алаңсыз асырауға мүмкіндік береді. Алайда үкімет заң жобасын қабылдауды үнемі кейінге шегерді.

"Күні кеше қаза болған адамдар – мыңдаған шағын кәсіпкер мен қарапайым борышкерлер жағдайына немқұрайлы қараудың салдары. Банктің әрекетін түсінуге болады, өйткені оның міндеті – ақша табу. Бірақ борышкердің кепілдегі мүлкін тәркілеу кезінде бағалау құнынан ауытқу 10-15%-тен аспауы керек деп санаймыз. Осыған байланысты қаржы нарығын реттеу агенттігіне банктер борышкердің тәркіленетін мүлкінің құнын төмендету мүмкіндігін шектеуді ұсынамыз", - деді ол.

Сондай-ақ Линник кредит бойынша мөлшерлемені төмендету қажет деп есептейді. Бұл үшін Ұлтттық банктің базалық ставкаға қатысты саясатын қайта қарастырған жөн.

Бұдан бөлек, депутаттар кепілдегі мүлікті сату кезінде банктің лауазымды тұлғалары мен сот орындаушыларының сөз байласуына жол бермеу қажеттігін айтты.

Алматыдағы қанды оқиға

20 қыркүйекте бірнеше полиция қызметкері, жеке сот орындаушылары және үйдің жаңа иесі борышкерді үйден шығару туралы сот шешімін орындауға келген. Алайда борышкер оларға оқ жаудырды.

Оқ атқан адамның отбасына тиесілі үй бұрын банкке қарыз болғаны үшін сатылған. Жеке үй сот орындаушысы арқылы үшінші тұлғаға сатылды. Бұрынғы иесі сот шешімімен келіспей, үйді бергісі келмеген.

Үйдің иесі – 1967 жылы туған ер адам полиция мен сот орындаушылары үйге кірмек болған кезде оларға оқ атқан. Салдарынан бес адам көз жұмды. Олар: 2 полицей, бір сот орындаушысы, үйдің иесі мен оның танысы.