"Бар шындықты жылап айтты": әскерден оралған жігіттің туыстары жанайқайын жеткізді

0
728

Ринаттың туыстары оны қатты қинағандықтан, жігіттің ақыл-есіне зақым келген деп отыр. Қазіргі уақытта сарбаз әскери міндетін өтеген ротада тексеру жүріп жатыр.


ERNUR.KZ. Ақтаудағы әскери бөлімде борышын өтеген Қызылорда облысының 19 жастағы тұрғыны Ринат Жеткергенов үйіне ақыл-есінен айырылған күйде оралған, деп жазады sputnik.kz.

Ақтау әскери бөлімінен хабарласып, "денсаулығы сыр беруіне" байланысты Ринатты пойыздан күтіп алуын сұраған кезде, оның ата-анасы бір сұмдық болғанын сезген. Ал әскерден келген ұлын көргенде, тіпті есеңгіреп қалған. Оның киімі жыртылған, аяғына жазғы аяқкиім киген, өзі есін білмейтін күйде болған.

Жас жігіт айналасындағының барлығын талқандап, тіпті туыстарын да танымаған. Ринаттың ағасы айтып бергендей, үйіне оралуына бір апта қалғанда төрт әскери қызметші оны соққыға жығып, тіпті құлағын тескен.

"Олар оны зорлаған. Аяусыздық танытқан. Ол жылап, бар шындықты айтып берді. Екі күннен бері күресіп жатырмыз. Ұйықтамайды, сандырақтап жүреді", - дейді Ринаттың ағасы.

Тексеру жас жігіттің бас миы зақымданғанын көрсетті.



Қорғаныс министрлігі Ринат тәртіпке бағынған үлгілі сарбаздың бірі болғанын мәлімдеді.

"Тәжірибелі командирлер мен сержанттар әскери міндетін өтеу кезінде сарбазға қолдау көрсетті. Қатардағы сарбаз Ринат Жеткергенов борышын өтеу кезінде денсаулығына еш шағымданған жоқ", - деді ведомство өкілі Ғани Нүсіпов.

Қазіргі уақытта сарбаз әскери міндетін өтеген ротада тексеру жүріп жатыр. Ринат Жеткергеновтың ата-анасы әскери шенеуніктер ұлдарының әскерге дейінгі дені сау күйіне қайта оралуы үшін ықпал етуін талап етті.