Барлық рәсім ашық жүргізіліп жатыр – МКК өткізу пунктерін жаңғырту туралы айтты

0
121

Қазақстанда кедендік өткізу пунктерін жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Оның шеңберінде рәсімдердің тиімділігі мен ашықтығын арттыруға бағытталған бірқатар түйінді шара іске асырылып жатыр.


Барлық рәсім ашық жүргізіліп жатыр – МКК өткізу пунктерін жаңғырту туралы айтты

ERNUR.KZ. Атап айтқанда, өткізу пунктерінде көлік құралдарын жоғары дәлдікпен тексеруге мүмкіндік беретін заман талабына сай инспекциялық-тексеру кешендері орнатылады. Сондай-ақ электрондық кезек және алдын ала ақпараттандыру жүйесі енгізіліп жатыр. Бұл тасымалдаушыларға маршруттарды алдын ала жоспарлауға, күту уақытын азайтуға және шекарадан өтуді жеңілдетуге мүмкіндік береді. ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Бақытжан Слямов ОКҚ алаңында өткен баспасөз мәслихатында жаңғыртудың қандай нәтиже беретіні туралы баяндады.

Спикердің айтуынша, кедендік және шекаралық бақылаудың интеграциялық аймақтары пысықталуда. Тасымалдаушылар мен азаматтардың ыңғайы жайлы мәселелерге ерекше назар аударылады.

«Барлық процедура, бұрынғыға қарағанда, әлдеқайда ашық болып, шекарада өткізілетін уақыт екі есеге жуық қысқарады. Мұны қазірдің өзінде іске қосылған 6 өткізу пункті көрсетіп отыр — кеден заңнамасын бұзбаған жағдайда өту уақыты 30 минутқа дейін қысқартылды. Біз әріптестерімізбен бірлесіп, Қытай және Өзбекстан тараптарымен деректер алмасудың цифрлық платформасын белсенді дамытып, интеграциялап жатырмыз», – деді Бақытжан Слямов.

Кедендік рәсімдерді трансформациялау мен цифрландырудың негізгі бағыттарының бірі «Кеден» жаңа ақпараттық жүйесін енгізу болды. Бүгінде транзит, жолаушылар бағыты және алдын ала ақпараттандыру модульдері жұмыс істеп тұр. Ағымдағы жылдың қыркүйегінде импорттық және экспорттық модульдерді іске қосу жоспарда бар. Процедураларды жеделдетуге ерекше назар аударылады. Осылайша, экспресс-жүктерді электрондық декларациялау 100%-ға жетті. Оған қоса, спикер «Кеден» жүйесі 35 сыртқы ақпараттық платформамен біріктірілгенін айтты.

Бақытжан Слямов атап өткендей, жүргізіліп жатқан құрылыс-монтаждау жұмыстарына қарамастан, жаңғыртылатын өткізу пунктерінің өткізу қабілеті 2022 жылы 640 мың көлік құралын құраса, 2024 жылдың қорытындысы бойынша 1,4 млн-ға дейін ұлғайды. Өткізу пунктерін жаңғырту шекарадан өту үшін қолайлы жағдай жасап, мемлекеттік бақылауды жүргізудің жоғары сапасын қамтамасыз етеді, өткізу қабілетін 6 есеге арттырады.