Бас қалада Әбіш Кекілбайұлы атындағы көше ашылды

0
998

Жиын барысында Мәжіліс депутаты Қуаныш Сұлтанов та Әбіш Кекілбайұлы Елбасының сенімді серігі болғанын еске алып өтті.


Бас қалада Әбіш Кекілбайұлы атындағы көше ашылды

ERNUR.KZ. Бүгін Нұр-Сұлтан қаласында Қазақстанның халық жазушысы, мемлекет және қоғам қайраткері Әбіш Кекілбайұлының атына көше берілді, деп жазады Елорда Инфо.

Жаңа көшенің ашылуына абыз жазушының аяулы жары Клара Жұмабаева, Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов, академик, ғалым Кенжеғали Сағадиев, Парламент Мәжілісінің депутаты Қуаныш Сұлтанов қатысты.

«Кеше ғылыми конференцияда Әбіш ағаның жолы туралы біраз әңгіме айтылды. Ал бұл күн үлкен қуанышты сәт деп ойлаймын. Себебі Тұңғыш Президентіміздің ұсынысымен осы Еуразияның төріне, Сарыарқаның төсінде керемет жаңа астанамыз салынды. Елбасының көтерген ұсынысына өзінің тілегін қосып, шын жүрегімен ниетін білдіріп, қолдау көрсеткен Әбіш ағаның атындағы көшенің ашылуына қатысып отырмыз. Қазақтың осындай біртуар, абыз азаматы болғанға шүкір етуіміз керек. Осы көшенің бойынан өткен өскелең ұрпақ Әбіш Кекілбайұлының кім екенін, Нұр-Сұлтан қаласының не үшін салынғанын ескеріп, тәуелсіздігіміздің баянды болуына өз үлесін қосады деп ойлаймын», - деді Қырымбек Көшербаев.

Фото авторы Василий Крась

Осыдан кейін сөз алған қала әкімі Алтай Көлгінов бұл істі тарихи оқиғаға балап, жазушының құрметіне орай бүгін ас беріліп, еске алу кеші өтетінін мәлім етті.

«Бүгін Әбіш Кекілбайұлының атындағы көшенің ашылуына Қазақстанның түкпір-түкпірінен жиналып отырмыз. Бұл – тарихи оқиға. Елбасының қасында жылдар бойы серік болып жүріп, қазақ елінің мәңгілік ел жасауына үлкен еңбек еткен ағамыздың есіміне көше атауы беріліп отыр. Бүгін Әбіш ағаға көше атын беру, ас беру, ал кешке ас беру рәсімі өтеді. Бұл – мемлекетіміздің мәдениет қайраткерлеріне, біздің жазушыларға, қазақ елінің бірлігін, ынтымағын көтеріп жүрген азаматтарға үлкен құрмет. Әбіш ағаның ұрпағы жасай берсін! Бәріңізге береке-бірлік тілейміз! Тәуелсіздігіміздің тұғыры берік болсын!», - деді Алтай Көлгінов.

Фото авторы Василий Крась

Салтанатты жиында ғалым, академик Кенжеғали Сағадиев Әбіш Кекілбайұлы туралы естеліктерімен бөлісті.

«Халқымыздың сүйікті перзенті, мемлекет және қоғам қайраткері, біздің рухани әлемімізде ерекше орны бар Әбіштің есімі мынадай керемет көшеге берілді. Қазақтың қатпар-қатпар сырын, мұңын, ойын арманын жазып, болмысын сомдап, әлемге паш етіп жүрген тұлғалардың еңбегі осылай бағалануы керек. Әбіш тірі болғанда дәл бүгін 80 жасқа келер еді. Жақында Қасым-Жомарт Тоқаев Ақтауға арнайы барып абыз жазушының ескерткішін ашты. Ел астанасының алғашқы іргетасын қалап, оны осындай сәулетті шаһарға жеткізген Нұрсұлтан Әбішұлы. Осындай көп уақыт ішінде оның сенімді серігі болған Әбіш еді. Қазір елорданың Нұр-Сұлтан атануының, мына көшеге Әбіш Кекілбайұлының есімі берілуінің артында үлкен мән бар. Әбіштің еңбектерін әлем тілдерінде сөйлетуіміз керек. Оның ойшылдығы ешкімнен кем түспейді. Оны әлем ойшылдарының қатарына енгізуіміз керек. Бұл өскелең ұрпаққа артылып отырған міндет», - деді Кенжеғали Сағадиев.

Жиын барысында Мәжіліс депутаты Қуаныш Сұлтанов та Әбіш Кекілбайұлы Елбасының сенімді серігі болғанын еске алып өтті.

«Елорданың әдемі қысы, жылымық аязы, сәл шыңылтыр желі бар. Осы қысы туралы жұрт небір түрлі сөздер айтып жатқанда, оның қайта денсаулыққа пайдасы, сергектікке алып келетінін, болашағымызға қаншалықты оң әсер ететінін жазып, дәріптеген Әбіш ағамыз болатын. Елбасының қасында жүріп, осы астанамыздың, әуел бастан Алматы тәуелсіздігіміздің алтын бесігі болғанда соның туын бірге көтерісіп, сырласқан сенімді серігі болды. Елбасы толғанып жүріп өзінің шешімін ең алдымен төрт-бес азаматты жинап алып айтқанда соның оң жағында Әбекең отырған», - деп Әбіш Кекілбайұлы туралы ойымен бөлісті.

Ол сөз арасында кеңес билігі орнап тұрған шақта халқымыздың ұлы тұлғаларын дәріптеу үшін Мәскеуден рұқсат сұрау қажеттігін еске алып өтті.

«Жақында ғана Фариза Оңғарсынова атындағы көшені аштық. Екеуі өмірде бірге жүрді, қазір пантеонда қатар жатыр. Енді міне олардың атындағы көшелері де қатар тұр. Ол кісінің жатқан жері жайлы болғай! Артында қалған асыл мұрасы ғасырлар бойы елге еңбек етеді. Қай көшемен жүресің дегенде Әбіш Кекілбайұлының көшесімен барып, оңға бұрылсаң Фаризаның көшесіне шығасың деп талай қазақ талай үйді іздеп айналып жүреді», - деп Қуаныш Сұлтанов жылы лебізін білдірді.