Экс-спикердің ұлы мен ағасының үстінен арыздар түскен.
фото: Sputnik / Абзал Калиев
ERNUR.KZ. Бас прокурордың орынбасары Ғалымжан Қойгелдиев Нығматулиндерге қатысты түсініктеме берді, деп жазады sputnik.kz.
Мәжілістің экс-спикері Нұрлан Нығматулиннің ұлы - Нұржан Нұрланов пен ағасы Ерлан Нығматулиннің үстінен арыздар түскен.
"Қазіргі кезде бұл арыздар қаралып жатыр", - деді бас прокурордың орынбасары сенатта өткен брифингте.
Ал экс-спикердің тағы бір ағасы Арғын Нығматулиннің үстінен қылмыстық іс қозғалған.
"Иә, бас прокуратурада Арғын Нығматулинге қатысты бюджет қаражатын жымқыру бойынша іс тергеліп жатыр. Бұл ақша Қарағанды облысына хоккей клубына бөлінген болатын. Ол адамға халықаралық іздеу жарияланды. Қай жерде жүргені анықталғаннан кейін экстрадиция мәселесі қолға алынады", - деді Қойгелдиев.
Айта кетері, 3 наурызда сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Арғын Нығматулинге іздеу жариялаған болатын. Ол іздеу жарияланғанға дейін Қазақстаннан кетіп қалған.