Дана Орманбаева өзіне тағылған айыпты мойындамады.
ERNUR.KZ. Алматы қалалық сотында белгілі продюсер, блогер Баян Алагөзованың журналист Дана Орманбаеваның үстінен жазған шағымына қатысты іс қаралды, деп жазады azattyq-ruhy.kz.
Бұған дейін журналист Дана Орманбаева әлеуметтік желілерде танымал продюсер Баян Алагөзоваға қатысты бірқатар ақпарат таратқан еді.
Продюсер Баян Алагөзова болса Алматы қаласы Бостандық аудандық сотына журналистің үстінен арыз жазып, Орманбаевадан Instagram және Telegram желісіндегі жеке парақшасында тараған ақпаратты жоққа шығаруды талап етіп жүгінді. Сонымен қатар соттан моральдық шығын ретінде 2 миллион теңге өндіруді сұрады.
Өз кезегінде Дана Орманбаева өз жарияланымдарындағы ақпарат шындыққа сәйкес келетінін және пікір түрінде екенін айтып, айыпты мойындамаған.
Айта кететін жайт, сот филологиялық-лингвистикалық сараптамасының қорытындысына сәйкес, жауапкер ұсынған мәліметтер шындыққа сәйкес келмеген жағдайда талапкердің ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіретін деректер санатына жатады.
«Бірінші сатыдағы, сот отырысы барысында тараптар жауапкердің жоғарыда аталған ақпаратты әлеуметтік желілерде таратқанын дауламады. Журналистің ол жариялаған ақпарат блогерге қатысы жоқ деген уәжі расталмады. Осыған байланысты сот істің мән-жайы мен сараптама қорытындысын ескере отырып, блогердің шағымын ішінара қанағаттандырды», - делінген хабарладама.
Соттың мәліметінше, журналист таратқан ақпараттың шындыққа жанаспайтыны, блогердің ар-намысына, абыройына және іскерлік беделіне нұқсан келтіретіні анықталды.
Сот журналистке деректерді жоққа шығаруға міндеттеп және блогердің пайдасына моральдық шығынды өтеу үшін 500 мың теңге өндірді.
Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.