Белгілі қазақстандық режиссер Ардақ Әмірқұлов өмірден өтті

0
132

Режиссер көп жылдар бойы ұстаздық қызметпен айналысып, тәлімгер ретінде отандық кинематографистердің бірнеше буынының қалыптасуына ықпал етті.


Белгілі қазақстандық режиссер Ардақ Әмірқұлов өмірден өтті

Ардақ Әмірқұлов. Фото: t.me/madenietaqparat

ERNUR.KZ. Атақты қазақстандық режиссер Ардак Әмірқұлов қайтыс болды, деп жазады tengrinews.kz.

Министрлік ақпаратынша, Ардақ Әмірқұлов өз өмірін ұлттық кино өнерін дамытуға арнап, қазақстандық кинематографияның қалыптасуына елеулі үлес қосты.

Режиссер көп жылдар бойы ұстаздық қызметпен айналысып, тәлімгер ретінде отандық кинематографистердің бірнеше буынының қалыптасуына ықпал етті.

Фильмдері киноның алтын қорына енді

Ардақ Әмірқұловтың ең танымал туындыларының қатарында "Отырардың күйреуі", "Абай", "Қош бол, Гүлсары!" және басқа да туындылар бар. Оның фильмдері ұлттық киноның алтын қорына енді.

Мәдениет министрлігі режиссердің шығармашылығы ел тарихын, халықтың рухани құндылықтары мен адам тағдырын терең бейнелеуімен ерекшеленетінін атап өтті. Оның жұмыстары көрермендер мен кәсіби қауымдастықтың жоғары бағасына ие болды.

"Ардақ Жамансарыұлының жарқын бейнесі, оның лайықты өмір жолы мен қазақстандық мәдениет пен кино өнерін дамытуға қосқан зор үлесі халық жадында мәңгі сақталады", - делінген хабарламада.

Ардақ Әмірқұлов 1955 жылы 10 желтоқсанда Жамбыл облысында дүниеге келген. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты және "Құрмет" орденінің иегері.

1977 жылы педагогикалық институтты, 1988 жылы ВГИК-тің режиссерлік факультетін Сергей Соловьевтің шеберханасында тәмамдаған. 1992 жылдан 2002 жылға дейін "Қазақфильмді" басқарды, сонымен қатар Алматы театр және көркемсурет институтында дәріс беріп, профессор болды.