Алдын ала деректерге сәйкес, әрқайсысы өз үйлерінде өз-өзіне қол жұмсаған.
Фотоколлаж: Әбілқасым Есентаев/Azattyq Ruhy
ERNUR.KZ. Екібастұз қаласында 17 жастағы ұл мен қыздың өз-өзіне қол жұмсауына байланысты қылмыстық істер қозғалып, тергеу басталды, деп жазады azattyq-ruhy.kz.
Павлодар облыстық полиция департаментінің мәліметінше, әрбір дерек жеке қаралып, жасөспірімдердің суицидке баруына не түрткі болғаны және оқиғаның өзге де барлық мән-жайы анықталып жатыр. Қайғылы жағдайлар әртүрлі уақытта болғанымен, марқұмдардың бір-бірімен бұрыннан таныс болғаны белгілі болды.
Павлодар облысының бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкілі Сауле Шакеневаның айтуынша, жасөспірімдер 2008 жылы туған, әлеуметтік жағдайы жақсы, толық отбасыларда тәрбиеленген. Ұл бала Екібастұздағы мектептердің бірінде 11-сыныпта оқыған, ал қыз жергілікті колледждің бірінші курс студенті болған.
Алдын ала деректерге сәйкес, әрқайсысы өз үйлерінде өз-өзіне қол жұмсаған. Оларды жақын туыстары тауып алған. Уәкілдің сөзінше, жасөспірімдер бұрын бір сыныпта оқып, достық қарым-қатынаста болған. Оқу орындарында буллинг фактілері тіркелмеген, сондай-ақ олар психолог мамандардың бақылауында болмаған және арнайы есепте тұрмаған.
Әлеуметтік желілерде тараған ақпаратқа сәйкес, қыз баланың суициді жасөспірім ұлдың қазасынан кейін екі күн өткен соң болған.


