Биыл ауылдарда 556 медициналық нысан пайдалануға берілуі керек – министр

0
439

239 жоба бойынша мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынды, қалған 317 жоба сараптамадан өтіп жатыр.


Биыл ауылдарда 556 медициналық нысан пайдалануға берілуі керек – министр

ERNUR.KZ. "Ауылдағы денсаулық сақтауды жаңғырту" ұлттық жобасы аясында 2024 жылы 556 нысанды пайдалануға беру жоспарланып отыр. Бұл туралы денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова мәлімдеді, деп жазады sputnik.kz.

Оның айтуынша, ұлттық жоба аясында барлығы 655 медициналық-санитариялық алғашқы көмек нысанын салу жоспарланып отыр. Оның ішінде былтыр 92 нысанның құрылысы аяқталды, 7 жоба белгіленген мерзімнен кеш тапсырылады.
"2024 жылы 556 нысанды пайдалануға беру қажет. Бүгінгі таңда 239 жоба бойынша мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынды, ал 317 жоба сараптамадан өтіп жатыр. Қорытынды алудың күтілетін мерзімі – осы жылдың сәуірі", - деді Әлназарова үкімет отырысында.
Айтуынша, бүгінгі таңда әкімдіктер конкурстар өткізіп, нысандардың құрылысына 109 шарт жасалды, оның ішінде 99 нысанға жергілікті атқарушы органдардың (10%) қоса қаржыландыруы көзделген. Бұл ретте республикалық бюджеттен 58 нысан қаржыландырумен қамтамасыз етілген.
"Жалпы, 2024 жылға арналған қосымша қаржыландыру қажеттілігі 498 нысанын салуға 99,6 млрд теңгені құрайды", - деді министр.
Биыл медициналық объектілердің құрылысын аяқтаудың жоспарланған мерзімдері:
7 нысанды – маусым (2023 жылғы нысандар),
210 нысан – қазан,
226 нысан – қараша,
120 нысанды желтоқсан айында беру көзделіп отыр.