Өңір әкімдіктерінің деректері бойынша ағымдағы жылы ауыл шаруашылығы дақылдарын 23,7 млн гектар жерге орналастыру жоспарда бар, бұл былтырғы көрсеткіштен 413 мың га артық.
ERNUR.KZ. Дәнді және дәнді-бұршақты дақылдардың егіс алаңдары 115 мың га қысқарып, 16,6 млн га құрайды. Бидай алаңы өткен жылмен салыстырғанда 187 мың га қысқарып, 13 млн га орналасады. Бұл жайлы ҚР ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүреков ОКҚ брифингінде хабарлады.
Оның айтуынша, майлы дақылдар 378 мың га ұлғайып, 3,3 млн га құрайды, оның ішінде күнбағыс алаңы 1,4 млн га жеткізіледі.
«Сондай-ақ ұйымдасқан шаруашылықтарда картоп алаңы 11,3 мың га артып, 83,4 мың га құрайды. Азықтық дақылдар алаңын 127 мың га ұлғайту және оларды 3,3 млн га дейін жеткізу жоспарлануда. Жалпы, дәнді, майлы, көкөніс-бақша дақылдары, картоп бойынша жоспарланған алаңдар ішкі нарықтың қажеттіліктерін толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», – деді спикер.
Бүгінде жаппай егіс науқанына дайындық барысында ылғалды жабу 879 мың га алаңда, егу алдындағы өңдеу 1,1 млн га, көктемгі жер жырту 821,6 мың га жүргізілді. Егіс жұмыстары республиканың оңтүстік өңірлерінде жүргізіліп жатыр. Барлығы 490 мың га егілді, оның ішінде Алматы облысында – 44 мың га, Түркістан облысында – 155 мың га, Жамбыл облысында – 226 мың га, Қызылорда облысында – 23 мың га, Жетісу облысында – 35 мың га, Шымкент қаласында – 6 мың га.
279 мың гектар алаңда дәнді дақылдар, 100 мың га азықтық дақылдар, 33 мың га көкөніс дақылдары, 13 мың га картоп, 20 мың га жуық бақша дақылдары, 42 мыңға жуық га майлы дақылдар егілді. Биыл 406 мың га алаңға күздік дәнді дақылдар егілді. Қазіргі уақытта олардың 73%-ы жақсы, 24%-ы қанағаттанарлық жағдайда.