Биыл тағы 25 университет жабылуы мүмкін

0
997

Комитетке ЖОО-ларды лицензиясынан айыру құқы берілген.


Биыл тағы 25 университет жабылуы мүмкін

ERNUR.KZ. Диплом «басып шығарумен» айналысатын жоғары оқу орындарын жабуды Президент Қасым Жомарт Тоқаев былтырғы жылғы жолдауында тапсырған болатын. Ал биылғы жолдауында Мемлекет басшысы осы мәселені тағы қозғап, білім сапасы нашар оқу орындарын жабуда қиындықтар жоқ емес екенін айтты. Қазір бұл мәселені Премьер-Министр ерекше бақылауына алды, деп жазады inbusiness.kz.

Білім және ғылым министрінің Білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің төрайымы Гүлзат Көбенова диплом «басып шығарумен» айналысатын жоғары оқу орындары қалай анықталып, оларға қандай шара қолданылатынын айтты. Биыл 25 университетке тексеріс жүргізілген.



«Білім және ғылым министрі мен Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы бұйрығына және кәсіпкерлік кодексіне сәйкес, негізі білім беру жүйесінің тәуекелдері дәрежесін бағалаудың өлшемдері әзірленді. Яғни белгіленген критерийлерге байланысты мемлекеттік бақылау шаралары жоспарланып, тексерілетін оқу орындары анықталады. Олардың ақпараттық жүйелеріндегі деректер негізінде заң бұзушылық дәрежесін анықтау үшін тексерістер жүргізіледі. Егер өрескел заң бұзушылық анықталса, жоғары оқу орнына барып, профилактикалық бақылау жүргіземіз. Мәселен, биылғы жылы 25 ЖОО-ға қатысты профилактикалық бақылау мен жоспардан тыс тексеріс жүргізілді», – деді білім саласын бақылау комитетінің басшысы.


Гүлзат Көбенова университеттер тарапынан білім беру процесінің сапасына нұсқан келтіретін қандай заң бұзушылықтар жиі кездесетінін айтып өтті.


«Оқытушы-профессорлық құрам біліктілік талаптарына сай келмей жатады. Сондай-ақ, оқыту процесі, материалдық-техникалық жарақтандыру, рұқсат беру құжаттары және т. б. талаптардың бұзылуы да кездеседі. Оқу-әдістемелік құжаттамасын және білім беру бағдарламаларын әзірлеуге қойылатын талаптар орындалмай, мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарын сақтамауда. Бірқатар университет өз түлектерін жұмысқа орналастыру, ғылымды дамыту тәрізді үлгілік қағидаларын бұзған. Жүргізілген бақылау нәтижелерін талдай келе, жоғары білім беру мекемелерінде бақылаудың әлсіз екенін байқадық. Өйткені заң бұзушылықтардың басым бөлігі сапаны қамтамасыз ету жүйесінің тиісті деңгейде жұмыс істемеуіне байланысты болып отыр», – деді БҒМ өкілі.


Комитет төрайымы білім және ғылым саласындағы бақылау комитетіне «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодекстің 730-бабына сәйкес жоғары оқу орындарының қызметін тоқтатып, лицензияларынан айыру құқығы берілгенін мәлім етті.


«Кодекске сәйкес, профилактикалық бақылаулар алдын ала ескерту арқылы жүзеге асады. Ал бақылау қорытындысы бойынша жоғары оқу орындарына заңсыздықтарды жою туралы нұсқама беріледі. Нұсқамада көрсетілген мерзім өткеннен кейін ЖОО тексеріледі. Заңсыздықтар жойылмаса немесе берілген нұсқама орындалмаса, әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 462-бабының 3-бөлігі бойынша іс қозғалып, сот қарауына жөнелтіледі. Жоспардан тыс тексеру барысында анықталған құқық бұзушылықтар үшін комитет іс қозғап, жаза қолдану туралы қаулы ұсынады. Қаулыда көрсетілген мерзім өткеннен кейін тексеру қайта жүргізіледі. Егер заңсыздықтар әлі де жойылмаса рұқсат беру құжатынан айыру мәселесі қарастырылады», – деп түсіндірді Гүлзат Көбенова.


Комитет басшысының айтуынша, профилактикалық бақылау жүргізу жоспарланған университеттердің барлығы тәуекел тобына жатады. Сондықтан тексерілетін кез келген ЖОО-ның бақылау шаралары нәтижесінде жабылып қалу қаупі бар.