Ел игілігіне берілген нысандардың ішінде ерекше атап өтерлік жоба – Ақмола облысының Зеренді ауылында салынған жаңа спорт кешені.
ERNUR.KZ. Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында Туризм және спорт министрлігі спорт инфрақұрылымын дамыту бағытындағы ірі жобаларды жүйелі түрде жүзеге асырып келеді. Жыл басынан бері елімізде 32 спорт нысаны іске қосылды, деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметі.
Ел игілігіне берілген нысандардың ішінде ерекше атап өтерлік жоба – Ақмола облысының Зеренді ауылында салынған жаңа спорт кешені. Бұл – мемлекет меншігіне қайтарылған активтер есебінен толықтай қаржыландырылған еліміздегі алғашқы спорт нысаны. Жалпы ауданы 6 мың шаршы метрден асатын кешенде еркін және қазақ күресі, бокс, ауыр атлетика, шаңғы спорты және жалпы дене дайындығына арналған залдар, киім ауыстыратын бөлмелер, медициналық кабинет, массаж және буфет бөлмелері, кір жуу орны, жаттықтырушыларға арналған кабинеттер, сондай-ақ 48 орындық жатын орын қарастырылған.
Тағы бір маңызды жоба – Павлодар облысының Баянауыл ауданындағы көпсалалы спорт кешені. Мұнда волейбол, баскетбол, бокс, күрес, садақ ату, тоғызқұмалақ, үстел теннисі сияқты спорт түрлерімен айналысуға болады. Кешенде 4 жолақты (25 метрлік) жүзу бассейні жұмыс істейді. 7 жастан асқан балаларға арналған жүзу үйірмелері мен олимпиадалық және ұлттық спорт түрлері бойынша секциялар ашылған. Бұған дейін аудан тұрғындары 2009 жылы салынған ескі спорт залды пайдаланып келген болатын. Жаңа кешен заман талабына сай жабдықталып, өңір халқының спортпен шұғылдану мүмкіндігін едәуір арттырмақ.
Қыркүйек айында Қызылорда қаласында халықаралық стандарттарға сай жаңа стадионның құрылысы аяқталады деп жоспарланып отыр. Бұл нысан тек кәсіби спортшыларға ғана емес, қала тұрғындарына да қолжетімді болады. Мұнда бокс, күрес, спорттық гимнастика, ауыр атлетика, таеквондо және фитнес залдары жұмыс істейді.
Биыл Астанада Қ.Мұңайтпасов атындағы жаңа стадионның құрылысы басталды. Аталған нысанды 2026 жылдың бірінші тоқсанында пайдалануға беру жоспарланып отыр. Стадионның құрылысы 15 мың шаршы метрден асатын аумақты қамтиды. Үш қабатты кешен 3600 көрерменге арналған. Жаңа спорт кешенінде жыл бойы жаттығу өткізуге болады, қажетті киім ауыстыратын және душ бөлмелерімен толық жабдықталады.
Астанада Ұлттық спорт университетінің құрылысы жүріп жатыр. Бұл білім ордасы колледж деңгейінен бастап докторантураға дейінгі кезеңді қамтитын мамандарды даярлауға бағытталған. Құрылыс жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Кешеннің құрылысы 2025 жылдың соңында аяқталады деп күтілуде. Университет базасында 500 колледж студенті, 2000-нан астам бакалавриат, 60 магистратура және докторантура тыңдаушылары білім алады деп жоспарлануда. Мұнда болашақ жаттықтырушылар, спорт менеджерлері, спорт психологтары мен ғылыми қызметкерлер жоғары жетістіктер спорты бойынша даярланады. Университет инфрақұрылымына стадион, жабық жеңіл атлетика манежі, олимпиадалық бассейн, көпсалалы спорт кешені, сондай-ақ ғылыми-зерттеу және медициналық қалпына келтіру орталықтары кіреді.
Сонымен қатар 2025 жылдың соңына дейін Түркістан қаласында ескек есуге арналған арнаның құрылысы аяқталады. Жаңа арнада байдарка мен каноэ, пара каноэ және академиялық ескек есу жарыстарын өткізуге мүмкіндік бар.