Құзырлы мекеме қызметкерлері біреуге бақ, біреуге сор болған ең ірі букмекерлік кеңселерді күндіз-түні бақылауға алып, әрбір түскен ақшаны тиынына дейін санауға көшкен.
ERNUR.KZ.Алматыда әлемдік теңбіл доп додасы кезінде букмекерлік кеңселер жаппай тексеруге алынды, деп жазады ktk.kz.
Мемлекеттік кірістер департаменті өкілдерінің айтуынша, футболдан әлем чемпионаты басталғаннан бері бәс тігетін орталықтардың табысы әдеттегіден артқан. Алайда, кейбірі ауадан ақша жасаған кәсібін заңсыз дөңгелетсе, ресми тіркелгендердің өзі қосымша салықты жасырып бағуға тырысқан екен.
Құзырлы мекеме қызметкерлері біреуге бақ, біреуге сор болған ең ірі букмекерлік кеңселерді күндіз-түні бақылауға алып, әрбір түскен ақшаны тиынына дейін санауға көшкен. Себебі, биылғы жарты жылдықта Алматыдағы 200-ден астам бәс тігетін орталық қала қазынасына 7 миллиард теңге салық төлеген. Алайда, футболдан әлем біріншілігі басталғанда олар тапқан табысымен бөліскісі келмеген сыңайлы. Қазір қалада заңсыз жұмыс істеген 15 букмекерлік кеңсе анықталып, тіпті екеуі жауапқа тартылған. Айып құны 1 миллион теңгеден. Ал, талап бойынша әр касса мемлекетте 721 мың теңге және кірісі 4 миллион 800 мыңнан асса тағы қосымша салық төлеуі тиіс.
Нұрболат Жұмаханов, Алматы қалалық мемлекеттік кірістер департаментінің бөлім басшысы:
- Әлемдік чемпионат басталғаннан бері букмекерлік контораларда табысының артқанын байқап отырмыз. Бізде қазір Алматы қаласында 6 кассада, яғни букмекерлік конторада қызметкерлер тексеру жүргізіп жатыр. Олар букмекерлік контораның жұмыс уақытымен жұмыс істеуде.