"Бұл компаниялардың тізімі менде бар": Тоқаев кімдерге шүйлікті

0
527

​Тоқаевтың айтуынша, кейбір компаниялар халықты қалқан еткен болып, мемлекеттен ақша алуды көздейді. Кейін бөлінген ақшаны жұмысшыларға бермей, өз қалтасына басады.


ERNUR.KZ. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жұмысшыларын ереуілге әдейі итермелейтін компанияларға тексеріс жүргізуді тапсырды. Бұл туралы мемлекет басшысы Маңғыстау облысына жұмыс сапары барысында айтты, деп жазады sputnik.kz.

Тоқаев еңбек дауларының едәуір бөлігі ҚазМұнайГаздың еншілес компанияларынан шығып жатқанын атап өтті. Олардың тарапынан тиісті жұмыс атқарылғанымен, бұл жеткіліксіз.

Президент Самұрық-Қазына мен ҚазМұнайГаз компанияларына бұл мәселемен мықтап айналысуды тапсырды.

"Кейбір жеке компания басшылары жұмысшыларын ереуілге әдейі итермелейді. Бұл компаниялардың тізімі менде бар. Мақсаты – халықты қалқан еткен болып, мемлекеттен ақша алу. Біз мұны білеміз. Олар бөлінген ақшаны жұмысшыларға бермей, өз қалтасына басады. Мұндай қитұрқы әрекеттің жолын кесу керек. Осындай компанияларға аудиторлық және тағы басқа тексеру жүргізу керек", - деді Тоқаев Маңғыстау облысын әлеуметтік-экономикалық дамыту туралы жиында.

Ол жұртты арандатып, мемлекетке қоқан-лоққы көрсетуге болмайтынын, бәрі заң аясында жасалуға тиіс екенін мәлімдеді.

Сонымен қатар президент Жаңаөзенде тұрақты жұмыс істейтін ведомствоаралық штаб құру қажет екенін айтты.

Оған мемлекеттік органдар мен Самұрық-Қазына белсене қатысуы керек. Бұл штаб шұғыл шешім қабылдауға және халықпен тығыз қатынас орнатуға қажет, деп толықтырды Тоқаев.