Бурабайда туристерді электр кемелері тасымалдай бастайды

0
88

Келесі жылдан бастап Бурабай көлінде дәстүрлі жанармаймен жұмыс істейтін су көліктерін шектеу көзделген.


Бурабайда туристерді электр кемелері тасымалдай бастайды

фото: Kazakh Tourism

ERNUR.KZ. Бурабай көлінде "Pana Sayakhat" жаңа көлік жүйесінің бастапқы кезеңі іске қосылды, деп жазады sputnik.kz.

Бұл бастама ұлттық паркке түсетін автокөлік жүктемесін азайтып, туристерге экологиялық таза қатынас жолдарын ұсынуды көздейді.

Жоба аясында парктің жүктемесі көп аумақтарынан тыс, бірінші кезекте Айнакөл маңында аралық автотұрақтар ашылып, саяхатшыларға жеке көлігін сыртта қалдыруға және парк ішінде эко-транспортпен қатынуға жағдай жасалады.

Жаңа жүйенің басты негізі – электр кемелері. Алғашқы су бағыты Айнакөл мен Бөлектауды байланыстырады. Алдағы уақытта аралық аялдамалары бар айналма бағыт ашу жоспарланған.

"Демалыс күндері Бурабайға аптасына 30 мыңға жуық көлік кіреді. Тек Бөлектау бақылау алаңына күн сайын 5 мыңнан астам адам келеді, олардың көбі – жеке көлікпен. Ұлттық парк ішінде бұндай ағынға жететін тұрақ салу мүмкін емес. Сондықтан негізгі көлік ағынын сырттағы тұрақтарға және қоғамдық көлікке бағыттау қажет", – деп атап өтті жоба ұйымдастырушылары.

Жаңа су көлігі толығымен электр қуатымен жұмыс істейді. Бұл атмосфераға зиянды заттардың бөлінуін және көл суының отын қалдықтарымен ластану қаупін жояды. Келесі жылдан бастап Бурабай көлінде дәстүрлі жанармаймен жұмыс істейтін су көліктерін шектеу көзделген.