ҚР Қорғаныс министрлігі БҰҰ бітімгершілік операцияларына қатысатын әскери қызметшілерге қандай талаптар қойылатынын баяндады.
ERNUR.KZ.ҚР Қорғаныс министрлігі БҰҰ бітімгершілік операцияларына қатысатын әскери қызметшілерге қандай талаптар қойылатынын баяндады, деп жазады ҚазАқпарат.
«БҰҰ Бітімгершілік операцияларына шетел тілін меңгерген, денсаулығы жақсы, психологиялық жағынан тұрақты, автокөлік басқара алатын, дене даярлығы мықты әскери қызметшілер қатыса алады. «Қазақстан Республикасының Бітімгершілік қызметі туралы» Заңына сәйкес, бітімгершілік миссияларға қатысу үшін үміткерлерді іріктеу келісімшарт бойынша әскери қызмет өткеріп жатқан және бітімгершілік дайындықтан өткен ҚР Қарулы Күштерінің әскери қызметшілері қатарынан ерікті негізде жүзеге асырылады», - деп жауап берді министрліктің баспасөз қызметі ҚазАқпарат сауалына.
Баспасөз қызметінің хабарлауынша, бітімгершілік операцияларға қатысқан жағдайда әскери қызметшілерге ҚР Қорғаныс министрлігінен және БҰҰ-дан ақшалай үлес төленеді және «Жауынгерлік іс-қимылдарға қатысушы» мәртебесі беріледі.
Айта кетейік, 2018 жылдың 15 маусымындағы ҚР Парламентінің шешіміне сәйкес, ҚР Қарулы Күштерінің Бітімгершілік ротасы, әскери байқаушылары мен штаб офицерлері БҰҰ Ливандағы миссиясына жіберіледі.
«Бітімгершілік рота Ливандағы БҰҰ миссиясына биылғы жылдың қарашасында 6 ай сайын ауысу жолымен жіберіледі. Әскери байқаушылар мен штаб офицерлері аталған 5 миссияға 2018-2019 жыл аралығына – бір жылдық мерзімге жіберіледі», - делінген ресми жауапта.
Бұған дейін ҚР Парламентінің 2013 жылғы желтоқсандағы қаулысына сәйкес, 2014 жылдан бастап, ҚР Қарулы Күштерінің 15 офицері БҰҰ Батыс Сахара мен Кот-д'Ивуардағы миссияларға әскери байқаушылар ретінде қатысқан еді.