Буырқанған бұла буын

0
235

Дәл қазір біздің алдымызда ғаламтор мен әлеуметтік желілердің әсерімен әлемдік ақпаратпен сусындап қанат жайған, еркін ойлайтын, еркіндікке ұмтылатын айрықша жаңа ұрпақ тұр.


Буырқанған бұла буын

Олардың бойында мұғалімнен имену, үкіметтен үркіп, басшылықтың алдында бүгежектеу, тіпті ата-анадан қаймығу сияқты қорқыныш сезімдері жоқ. Олар ешкімді мойындамайды, қасаң қағидалармен өмір сүрмейді. Бізге белгілі ережелер мен тыйымдар да оларға жат.

Олар бізге ыңғайсыз сұрақтар қояды және сол сұрақтарға сөзбұйдасыз шынайы жауап беруімізді талап етеді, сөзіңнен зәредей бір жасандылық бай­қаса, жалт бұрылады, былайша айтқан­да, өтіріктің жайсыз иісіне өте сезімтал, жалғандыққа жандары қас.

Олар сондай-ақ біз сияқты шаруа­ның соңын шыдамдылықпен күтіп, соқ­пақ қуалап жүре беруге де жоқ, жағым­паз­данбайды, жалтақтамайды, өз құқық­тары мен бостандықтарын өлсе де өзгеге таптатпайды, керек болса сы­ба­ғалары мен несібелерін жансебілдікпен кескілесіп жүріп алады. Соққы жеп қаламын деп ақырына дейін шыдап отырмайды. Олар – самарқау емес, жанартау. Өйткені, олар – әділетсіздікке, жемқор­лыққа, әлеуметтік теңсіздікке төзбейтін ұрпақ.

Иә, ең қызығы, бұл – біз айтып жүр­ген, өзіміз де тура осындай албырт ке­зімізде аздап бой алдыртқан жастықтың әуейі желігі емес. Олардың қазіргі қа­дамдары ол құбылыстан әлдеқайда өзгеше. Тіпті басқа көзқарас.

Бір сөзбен айтқанда, дәл қазір біздің алдымызда ғаламтор мен әлеуметтік желілердің әсерімен әлемдік ақпаратпен сусындап қанат жайған, еркін ойлайтын, еркіндікке ұмтылатын айрықша жаңа ұрпақ тұр.

Бізше бағаласақ, бұл басқа буын – буырқанған бұла буын.

Ақиқатын айтуымыз керек, кейінгі жылдары әлемнің көптеген елінде, көршілес елдерді алыңыз, басқа мемлекеттерге үңіліңіз, қандай саяси сілкініс болмасын, соның бәрінде алғашқы соққыны берген де, алған да осы буын өкілдері екеніне көз жеткізесіз.

Қырғызстандағы дүрбелеңдер, Белоруссия мен Украинадағы оқиғалар, Ресейдегі наразылықтар, «Араб көк­темі», Иран мен Франциядағы толқулар, Американы әлі де алаңдатып тұрған азаматтық қақтығыстар, айта берсек, бұл тізімді толық қамту мүмкін емес.

Айтқымыз келетіні, сол дүрбе­лең­дердің қайсысын алмайық, олардың алдыңғы шебінде біз айтып отырған жаңа жас буын, үлкен балаларымызбен жасты құрақ жеткіншектер тұрды.

Осы уақытқа дейін біз Қазақстанды «тұрақтылық аралы» деп санадық. Алайда 2022 жыл жаңа дәуірдің басы ретінде бізді мүлдем тың көзқарастарға жетелей оятты. Әрине, жолайырық жаңа дәуірдің тууы қай кезеңде де азапты да ауыр, қорқынышты да қасіретті болатыны белгілі. Біз кешкен үрей де қайғылы, қара­­лы болды... Қаралы қаңтар оқиғасы тура­­сын айтқанда жастардың өзге ой жете­гіне оп-оңай еріп кете алатынын көрсетті.

Қазақстанның көптеген қаласында орын алған жойқын оқиғалардың да алдыңғы шебінен жастарды көрдік. Әл­бетте, бұл жағдайға баршаның еңсесін басқан пандемияның да, бағаның негізсіз артуының да, карантин желеуімен қуат-күші тасқындап тұрған жастарды үйге қамап ұстаудың да себепші болғаны сөзсіз. Дегенмен басты қозғаушы фактор ретінде арда өскен арынды буын қоғамнан түбегейлі өзгерісті талап етіп дабыл қақты.

Нәтижесінде, кешегі Рим көшелерінде италиялық радикал-антиваксерлердің Facciamo come in Kazakhstan! («Қазақ­стан­дағыдай жасайық!») деп құл­шыныс­пен ұрандатып жүргенінің куәсі болдық. Әрине, қара пиар – ол да пиар. Сондықтан «Тәрбиеден жұрдай бұлар қайдан шықты, шынымен өзіміз өсір­ген балалар ма?» деп сұраудың орны­на ауқымы әлдеқайда терең әлемдік үр­діспен бетпе-бет келгенімізді мойында­ғанымыз дұрыс.

Бұл орайда ұлы Ибн Халдуннан бас­тап Бродель және Валлерштейнге дейін көптеген философ, тарихшылар және әлеуметтанушылар – бір-бірінен өзгеше болғанымен, ортақ ойы адам социумдары мен мемлекеттердің дамуындағы негізгі құбылыстардың циклды болатыны жайлы пікірде екенін айта кеткен жөн.

Дана қазақ оны «Елу жылда – ел жаңа, жүз жылда – қазан» деп бір-ақ ауыз сөзбен түйіндейді.

Айталық, осы тағылымы терең тәмсілдің мәнін ұғыну үшін 100 жыл бұрынғы тарихқа көз салайық. Бәлки, жақыннан танып біле алмағанымыздың анығын алшақтап барып түсінер ме едік.

1920 жылдар. Бұл кезең – әлемді асты-үстіне төңкерген революциялар кезеңі. Жалпы дүниежүзінде, ғылымға, саясатқа, музыкаға, поэзияға да соны леп әкелген кезең: жас Эйнштейн мен Ататүріктің, джаз бен Маяковскийдің заманы.

Ал Қазақстан тарихында бұл уақыт Мағжан Жұмабаев, Сұлтанмахмұт Торай­ғыров, Мұхтар Әуезов сынды жаңа ұрпақ­тың есімдерімен қалды. Олар көшпенді өркениеттің еуропалық индус­триялық капитализм керуенімен қатар келген ауыр кезеңі тұсында өмір сүрді. Осынау экзис­тенциалды сын-қатерге жауап ретінде Ұлы далада кез келген тұлғаны басын шұлғып мойындай бермейтін, әлемді өзгертуге деген талпыныстары зор, сол жолда өздерін толық құрбан етуге дайын ұрпақ өсті. Мәселен, өзін «пай­ғам­барға», тіпті «тәңірге» теңеген Ма­ғжан, қазақтың көгінде Күн болғысы кел­ген Сұлтанмахмұт... Поэзияда олар Абай­дан өзге ақынды мойындамады. Бұл қатарда Үндіқытайдан бастап Сол­түс­тік Африкадағы отаршылдыққа қарсы ре­во­люциялардың идеяларымен сусындаған тарпаң тұлпар Тұрар Рысқұловты да атар едік.

Бұл тұлғалардың барлығы өз кін­дігін өздері кескен, өздерін өздері таныт­қан тұлғалар еді. Дәуірдің айрықша бет­бұрысына байланысты ғой, олардың ұстаздары болған жоқ. Бұл жағдай оларды тіпті шыңдай түсті. Сондықтан болса керек, кейін ұлы Мұхтар елу жылдан кейін ентелей, еркелей жеткен еңселі буынға, қазақ зиялыларының келесі толқынына өзінің аталық ақ батасын жаудырып, «Жыл келгендей жаңалық сеземіз» деп ағысы бөтен асау буынға айдар берді.

Одан кейінгі кезеңде тарих сахнасына жарты ғасырға жуық «арқыраған алпысыншы жылдар» шықты. Бұл кезеңнен біз не көреміз? «Жаңа солшылдар» қоз­ғалысын, Еуропадағы студенттердің жой­қын ереуілдерін, хиппи қозғалысы және АҚШ-тағы «сексуалды революция­ны», Түркиядағы «солшылдар» мен «оңшыл­дардың» қатыгез қақтығысын көреміз. «Контрмәдениеттің», рок-музы­ка­ның көркеюін, өзін «Ғайсадан да танымал» деп қызбалықпен мәлімдеген жас Джон Леннонды көреміз.

Сонымен бірге ғарышқа ұшу, жер-жерлерде отаршылдыққа қарсы револю­цияның тежеусіз жеңісін, азаматтық құқық­тар үшін күресте ауқымды өрлеу, сан миллиондаған адамға шабыт сыйла­ған жалпы демократияның жаңа сапасына жоғарылауын байқаймыз. АҚШ және Батыс Еуропа мемлекеттерінде қарсы­­лықтардың тұрақты экономикалық өсу жағ­дайында орын алғанын айта кету керек, яғни олардың бастапқы себебі «ке­дей­лердің өз құқықтары үшін күресі» ғана емес, терең дүниетанымдық дағдарыс болған.

Сол замандағы КСРО кеңістігінен қарасақ, Гагариннің күлімсіреген жүзі мен алпысыншы жылдардың ақындары – Евтушенко, Вознесенскийді, бітімі бөлек Владимир Высоцкийді көреміз. «Адамға табын, Жер енді» деп жырлап, тауларды аласартпай даланы асқақтата «Аз и Я»-ны жазған, қоғамға қаймықпай сөз айтқан Олжас Сүлейменовтің батыл дау­сы естіліп жатты. Сондай-ақ қаймықпай мәңгүрт тақырыбын көтерген абыз Әбіш Кекілбаев, «Мен» деп кітап жазған асқақ Мұхтар Мағауин сынды алпауыттар әде­биеттің есігін еркін серпіп, оқырман санасына шұғыла түсірді. Бұлар – «Сен неткен бақытты едің, келер ұрпақ...» деп ақын Қасым күткен асыл буын еді.

Жалпы, осы мақаланы жазуға себепші болып отырған, біздің буын – кешегі бала, бүгінгі аға өмірге «қырғи-қабақ соғыстан» кейін келгенін, алайда оның әлем үшін салдары ауыр болғанын кейде сезіп, кейде сезбейді. Ғасыл ғасырдың тоғысынан өткен тұста бұл да бір айтылуы керек сөз шығар.

Әлемге Гагарин мен хиппиді сый­лаған, бізге жақын 1960 жылдардың жан-жақты тәжірибесіне сүйене отырып, осындай «жаңа әлемнің жаршысы бол­­ған» әрбір буынның жойқын қуаты қи­ратуға да, жасампаздыққа да бағыт­та­луы ықтимал екенін жан дүниеміз­бен се­зінеміз. Оны өткен қаңтар оқиғасын­да да көзбен көрдік. Тіпті бұдан да ауыр қасірет орын алуы мүмкін еді. Алай­да осынау жас толқынның арнасы жасам­паз­дыққа бағытталса, бізді жаңа бір өрке­ниетке жетелеп, тарих доңғалағын бас­қа соны соқпаққа да бұруы әбден мүм­кін ғой.

Біз олар үшін не істеуіміз керек? Не іс­теуге тиіс едік? Біз жалпы не істей аламыз?

Бізге жалған сөйлейтін және абайлап ауыз бағып үнсіз қалатын ескі әдеттерден арылу қажет. Біз «жастар бұзылған» дейтін кәріге тән гөй-гөй күңкілімізді де қоюымыз керек. Олармен ашық сөйлесіп, түсінуге, түсінісуге талпынып тырысқанымыз жөн. Тең дәрежеде, ашық әрі шынайы сөйлесуіміз қажет, себебі олар өтірік пен көлгірсуді кешірмейді, тәлімгерсіген өктем екпінге төзе алмайды. Әр затты өз атымен атау қажет дейтін сөз бар ғой – олармен бір тілде сөйлесуге ұмтылған дұрыс.

Бұл тіл, белгілі бір халықтың тілі я болмаса халықаралық тіл емес, бұл – адамдықтың, адалдықтың, әділет пен ақиқаттың, ағалық, аталық мейірім мен аналық махаббатың тілі. Олар басқа тілді түсінуге тырыспайды да.

Біз жастарға жол ашып, олардың жан-жақты білім алуына, өмірден, қоғам­нан, біз құрғымыз келетін жаңа мем­лекеттен өз орнын табуына мүмкіндік беріп, бар күш-қуатын жаңа мемлекетті қалып­тастыруына, ерен күшін жасампаздыққа бағыттауына жағдай жасауымыз керек. Оларды түсінетінімізді түсінікті тілмен жеткізіп, халықтық құндылықтардың ешқашан өзгермейтінін, халық әрқашан өз арнасынан жаңылмайтынын, сан ғасырлық дәстүріміздің ұрпақтан-ұрпаққа өзгеріссіз берілетінін көрсетуіміз керек. Өйткені Хақ – мәңгілік, халық – мәңгілік. Абайша айтқанда, бәрі өзгеретін дүниеде, өзгермей қалатын бір нәрсе – Хақтың сөзі мен халықтың қалауы. Оларға өз пікірімізді күштеп таңбастан, тек мейіріммен, махаббатпен, адами қарым-қатынаспен бауырымызға тарта білуіміз керек. Қазір олар бізден тағы да қайталап айтайық, әділет пен мейірімді, адами қарым-қатынасты ғана күтеді. Ұлы Абайша айтар болсақ: «Әділет, шапқат кімде бар, Сол жарасар туғанға».

Абай да заманында «шошимын кейінгі жас балалардан» деген еді. Алайда Абайдың айтқаны бодандық құрсауына шырмалған басқа категориядағы адамдар, әйтпесе Абайдан кейін келген буын Алаш емес пе еді?! Әлихан мен Ахаңдар, Мағжан мен Сұлтанмахмұттар еді ғой!.. Олар – жаңа ұрпақ, жасампаз ұрпақ болды. Олар біздің ғасырымызды өзгертті. Оларды тоталитарлық жүйе таптап, соттап, матап байлап, ақырында атып та тастады. Бірақ олардың ағартушылық идея­лары, жаңашыл да жасампаз көзқа­рас­тары өлген жоқ. Біз осы уақытқа дейін солардың жағып кеткен шырағына жылынып отырған жоқ па едік?..

Қазақ қоғамына «өзгерістер буыны» боп келген үш кезеңдегі – 1920, 1960 жылдардағы және қазіргі көтерілген жас­тарды салыстыра қарасақ, жеке мемле­кет немесе ұлтқа ғана қатысты емес, жаһандық ауқымдағы құбылыс туралы сөз қозғаймыз. 1920, 1960 жылда­ры ұлттық мәдениетіміз жаңа қарқын­мен дами бастады. Әлемнің басқа елдері туралы да осылай айта аламыз. Жалпы, адами құндылықтың ұлттық құн­дылықтан анық байқалатыны рас. Ең бастысы, қазір де қайнаған қоғам өмір­інде ұлттық мәдениеттің дамуындағы жаңаша өрлеудің қуатты әлеуеті бар. Сон­­дықтан да, ең алдымен, өзгеше тұрпат­тағы өр буынның өскелең рухын көрсетуіне мүмкіндік беруіміз керек. Яғни жастардың жақсы өмір сүруі үшін, болашағы үшін атқарылар іс көп. Ал егер жаңа ұрпақтың жағдайын жасай алмасақ, яки оларды түсінбесек, жастарға бөтен мақ­саттағы, бәлки, қауіпті адамдар бөгде жол сілтейді. Бұны түсінбегендерге алдағы жарқын болашақ келбеті қатыгез қоғамға айналуы ықтимал. Оның бір мысалын күні кеше ғана көрдік.

Мақаланы Мағжанның әйгілі «Мен жастарға сенемін!» деген жолымен аяқтағым келеді. Алаңға шыққан жастарды талқыға салып, кінәлап, яки қорқудың қажеті жоқ: олар – біздің балаларымыз. Егер қазіргі ұрпаққа қатысты бір әділдік танытатын болсақ, ол – оларды айыптамау, жазғырмау, түсіну.

Жаңа Қазақстан идеясының өзі сол жастардың жарқын бағыты.

Қаңтар оқиғасынан бері әлдекімдер айтып жүргендей, олар жоғалған ұрпақ емес. Егер олай десек, біз оларды жоғалтқан ұрпақ болар едік. Өзімшіл, менмен, халықты емес, қарақан басын ойлаған адамдар санатында тұрар едік. Олар, шын мәніндегі біз күткен ұрпақ – тәуелсіздік ұрпақтары. Азат ойлы, бос­тан көзқарастағы, бағы қайтып, сағы сынбаған, өр мінезді өрендер. Ендеше буырқанған бұла буынның, жанартаудай жастардың жалынын сөндіріп алмайық, оларға сенейік...

Дархан Қыдырәлі

egemen.kz.