Мадина Маратовна есімді желі қолданушысы 8 жасар ұлын ересек ер адам соққыға жығып, өз бетінше жазалағанын айтады.
Фото: Мадина Маратовнаның жеке парақшасы
ERNUR.KZ. Балқашта Қазақмыс кәсіпорнының қызметкері 8 жасар баланы азаптап, соққыға жықты деп айыпталды. Баланың анасының сөзінше, бозбала физикалық және психикалық зардап көрді. Енді отбасы істі жауып тастай ма деп қорқады, деп жазады stan.kz.
Мадина Маратовна есімді желі қолданушысы 8 жасар ұлын ересек ер адам соққыға жығып, өз бетінше жазалағанын айтады. Айтуынша, баланың денесін күйдіріп, саусағын сындырып, қатты заттармен ұрған. Сондай-ақ монета жұтуға мәжбүрлеген дейді.
Сөзінше, қастық қылған адам – екі баласы бар әке, "Қазақмыс"-тың Балқаш қаласындағы кәсіпорнының қызметкері Алмас Басимбеков екен. Ер адамның әйелі де сол кәсіпорында істейді.
“Қазір олар істі жабуға тырысады. Оның полицияда, ауруханада және басқа да мемлекеттік органдарда жұмыс істейтін туыстары мен достары істі жабуға атсалысып отыр. Тергеуді бәсеңдету, қылмысты жасыру әрекеттері бар. Бала не істесе де, олай істеуге болмайды. Ол үшін полиция шақырады, қызметтер тексереді. Бірақ баланың саусағын сындырып, бас сүйек-ми жарақатын жасамайды. Бұл – қылмыс”, – деді ана.
Фото: Мадина Маратовнаның жеке парақшасы
Салдарынан баланың қан қысымы 150/100-ге дейін көтеріліп кеткенін айтады. Алайда Мадина тергеу құпиялылығына байланысты жайттарды толық айтып беруден бас тартты.
Ал Қазақмыс кәсіпорнының бас директоры Жәнібек Байғабелов Балқашта Алмас Басимбековтың жұмыс істейтінін растады, бірақ Kazakhmys Smelting қызметкері емес дейді.
Содан кейін Қарағанды облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінен пікір сұрадық.
“Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр, одан әрі тергеу-жедел шаралары мен бірқатар сараптамалар тағайындау жоспарланған”, – деп мәлімдеді баспасөз хатшысы.