«Денесінде сау жер жоқ»: Екпіндіде газ жарылған үйдегі балалардың жағдайы ауыр

0
144

Әкімдіктің баспасөз қызметі зардап шеккен отбасына әлеуметтік көмек көрсету мәселесі қарастырылып жатқанын мәлімдеді.


«Денесінде сау жер жоқ»: Екпіндіде газ жарылған үйдегі балалардың жағдайы ауыр

Ulysmedia.kz коллажы

ERNUR.KZ. Алматы облысының Іле ауданындағы Екпінді ауылында жойқын газ жарылысы болып, бір-ақ сәтте үйіндіге айналған үйдің отанасы мен балаларының жағдайы белгілі болды, деп жазады ulysmedia.kz.

ОҚИҒАНЫҢ МӘН-ЖАЙЫ

Бұдан бұрын жазғанымыздай, оқиға 17 сәуір күні таңғы сағат 05:30-да болған еді. Үй иесі Самат Жайылханов таңертең ерте тұрып, ұлын колледжге апармақ болған. Баласын оятып, өзі дәретханаға шығып кеткен. Ұлы ұйқыдан тұрып, жарықты жаққан сәтте жарылыс болған. Үйдің күлі көкке ұшқан сәтте отанасы мен үш үйінді астында қалған. Көршілердің көмегімен отбасын аршып алған Самат Жайылханов әйелі мен балаларын ауруханаға жеткізген.

Үй иесінің және көршілердің айтуынша, жарылысқа үй ішіндегі газ құрылғысы емес, жер астындағы газ құбыры себеп болған. Самат Жайылханов газ плитасында ақау болмағанын айтады. Оның сөзінше, маңайдағы жерасты құбыры ескі әрі тозған болуы мүмкін. Соның салдарынан газ жер астымен тарап, үйге жиналған. Алайда газ мекемесінің мамандары мұны мойындамай отыр.

АНАСЫ МЕН БАЛАЛАРЫНЫҢ ЖАҒДАЙЫ

Самат Жайылхановтың досы Сапарбай Қарабалаевтың айтуынша, зардап шеккен үш баланың бірі қазір ауыр жағдайда.

«Екі баласының денесінің 60 пайызын күйік шалған. Біреуінің беті бері қарады. Анасы екеуін жансақтау бөлімінен палатаға көшірді. Екіншісінің жағдайы ауыр», - дейді ол.

Досының айтуынша, балалардың әкесі, үй иесі Самат Жайылхановтың да күйі мәз емес.

«Бірі болмаса, екіншісінің көмегі тиер деп журналистерді шақырдым. Телеарналар келіп түсіріп кетті. Саматтың ештеңесі қалмады. Үй-күйсіз далада қалды. Көліктері де быт-шыт болды. Ештеңенің керегі жоқ, балаларым мен жарым аман қалса екен деп байғұс әке шырылдап жүр. Барар жер, басар тауы жоқ. Бүкіл ауылдың қабырғасын қайыстырды бұл оқиға. Мұндай жарылысты бұрын-соңды көрген емеспін», – дейді Сапарбай Қарабалаев.

Оның айтуынша, Самат Жайылхановтың отбасына көп болып көмектесу керек.

«Әкімдік қандай көмек керегін айтыңдар деді де қойды. Дәл қазір Саматтың бірдеңе сұрайтын мұршасы жоқ. Ол тек қана отбасының жағдайын уайымдап отыр. Мынадай көмек береміз деп ешкім мойнына алып жатқан жоқ. Газ мекемесі де, үкімет те үнсіз. Жанталасып телеарналарды жинап жүргенім сондықтан. Түсірілген барлық кадрларды жинап-теріп бердім. Балаларды қалай аршып алғанымызды, олардың қиналып жан даусы шыққан сәтін ауыр болса да көрсеттім. Полицияға барып арыз да жаздық. Самат біздің істе дегенімізді ғана істеп жүр. Өйткені әлі есін дұрыс жиған жоқ. Балаларының құр жаны бар демесең, денелерінде сау жер қалмаған», – дейді отбасының жанашыры.

ӘКІМДІК НЕ ДЕЙДІ?

Әкімдіктің баспасөз қызметі зардап шеккен отбасына әлеуметтік көмек көрсету мәселесі қарастырылып жатқанын мәлімдеді. Айтуларынша, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі арқылы 2 миллион теңгеге дейін материалдық көмек берілуі мүмкін.

«Оқиға фактісі бойынша материалдар заңнамаға сәйкес тіркеліп, құқық қорғау органдарына жолданған. Қазіргі уақытта тиісті процессуалдық тексеру жүргізіліп жатыр», – дейді облыстық әкімдіктегілер.