Депутат Астанада жұмыс күнін таңғы 7-де бастауды ұсынды

0
139

2025 жылғы 11 маусымда Мәжіліс депутаты Асылбек Нұралин премьер-министр Олжас Бектеновтің атына депутаттық сауал жолдады.


Депутат Астанада жұмыс күнін таңғы 7-де бастауды ұсынды

Фото: Zakon.kz/Максим Золотухин

ERNUR.KZ. Депутат мемлекеттік органдардағы жұмыс күнінің басталу уақытын өзгертіп, Астанадағы көлік кептелісін азайту қажеттігін айтты, деп жазады zakon.kz.

Депутат қазіргі уақытта елорда мен басқа да ірі қалаларда көше-жол желісінің қатты жүктемеге ұшырауы, тұрақты кептелістер мен қоғамдық көліктің қозғалысында үзілістер болып жатқанын атап өтті. Бұл жағдай тек халыққа ғана емес, мегаполистердің инфрақұрылымына да кері әсер етуде.

"Болжамдық бағалауларға сәйкес, елорда халқының саны алдағы жылдары 2 миллион адамға жетуі мүмкін. Жұмыс орындарының және әлеуметтік инфрақұрылым нысандарының басым бөлігі қаланың орталық бөлігінде шоғырланған. Жақын маңдағы елді мекендерден қалаға келетін адамдардың бір уақытта жұмысқа баруы мен қайтуы кезінде көлік кептелісі туындайды. Қаланың кеңістіктік теңгерімсіздігі негізгі көлік артерияларының шамадан тыс жүктелуіне және әсіресе таңғы және кешкі уақыттарда кептелістердің қалыптасуына себеп болып отыр", – деді Асылбек Нұралин.

Ол ашық статистикалық деректерге сүйене отырып, Астанадағы қызметкерлердің 50 пайыздан астамы мемлекеттік мекемелерде жұмыс істейтінін атап өтті.

"Осыған байланысты орталық атқарушы органдардың, ұлттық компаниялар мен ведомстволық ұйымдардың қызметкерлері үшін көлік ағындарын қайта бөлу мүмкіндігін қарастыру қажет. Сондай-ақ агломерациялық көлік саясаты аясында осы санаттағы ұйымдардың жұмыс уақытының өзгеру мүмкіндігін қарастыру керек. Зерттеулер көрсеткендей, таңғы уақыт еңбек өнімділігі тұрғысынан анағұрлым тиімді. Жұмыс күнінің басталу уақытын таңғы 9-дан 7 немесе 8-ге жылжыту ұсынылған шараларға толық сәйкес келеді", – деді депутат.

Оның айтуынша, шешім қабылдауда әлемдік тәжірибені де ескермеуге болмайды. Кептелістермен күрес – жаһандық мәселе, әрбір ел өз инфрақұрылымы, мәдениеті, экономикасы мен саяси ерік-жігеріне қарай әртүрлі тәсілдерді қолданады.

"Озық тәжірибелер қоғамдық көлікті, жаяу жүргінші мен велосипед инфрақұрылымын бірінші орынға қою, тұрақ орындарына қатысты қатаң ережелер енгізу тиімді екенін дәлелдеді. Сонымен қатар, көліктің өткізу қабілетін арттыратын бағдаршамсыз магистралды көшелер, көпдеңгейлі жолайрықтар сияқты мысалдар бар. Бұларға басқарушы құрылымдар назар аударуы тиіс. Біздің міндетіміз – қалалардың көп орталықты дамуына, тұрақты мобильділікке, жеке автокөліктерге тәуелділікті азайтуға және қалалық инфрақұрылым сапасын жақсартуға бағыттау", – деді ол.

Депутаттың пікірінше, заң шығарушы және атқарушы билік өкілдерінің бірлескен күш-жігерімен жол-көлік инфрақұрылымын жаңғыртып, оны жайлы әрі қолайлы етуге болады.

Осыған байланысты депутат көлік саласындағы алдын ала шараларды әзірлеу үшін ведомствоаралық жұмыс тобын құруды, ірі қалалардың инфрақұрылымын жаңғыртуға бюджеттен қосымша қаражат қарастыруды және жолайрықтарды, өткелдерді жоспарлау мен салу, жол қозғалысын басқару кезінде орталық пен өңірлер арасындағы үйлестіруді күшейтуді ұсынды.