Кәсіпкер Адель Адилова желі қолданушыларына астаналық депутаттардың қалай тұратынын көрсетіп, рум-тур жасады.
Фото: Видеодан скрин
ERNUR.KZ. Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбектің жұбайы Адель Адилова депутатқа үкіметтен берілген қызметтік үйін көрсетті. Алайда ескі пәтерде отбасымен тұрып жатқанын бірнеше рет қайталап айтқан депутатты әйелінің сөзіне ешкім сенбеді. Тіпті оны “шімірікпей өтірік айтты” деп сынап тастады, деп жазады stan.kz.
Кәсіпкер Адель Адилова желі қолданушыларына астаналық депутаттардың қалай тұратынын көрсетіп, рум-тур жасады. Видеоның басы бұзылып жатқан кішкентай шкафтың тартпасынан басталады. Айтуынша, депутаттың отбасы бұл пәтерде 2023 жылдан бастап тұрып келеді.
“Бұл – қонақ бөлме. Шкаф сөрелері, диван. Бұл күйеуімнің марапаттары. Мынау – теледидар, көріп тұрғандарыңыздай, ескі. Бұл жатын бөлме. Қарапайым төсек, камод, шкаф, екі жақты кішкентай шкаф бар”, – деп тартпасын тартып қалғанда оның бұзылып тұрғанын көрді.
Фото: Видеодан скрин
Жиһаздардың ескі екенін тағы бір қайталап айтқан ол тек шынайы өмірді көрсеткісі келетінін жеткізді. Сөзінше, пәтер 2004 жылы қолданысқа берілген. Сондықтан өзі де, жөндеу жұмыстары өте ескіріп кеткенін айтты.
Терезеден Мәңгілік Ел даңғылын, Сенат пен Мәжіліс ғимараттарын көруге болады. Соған қарағанда, депутаттың отбасы Астанадағы “Нұрсая-1” тұрғын үй кешенінде тұрып жатыр.
Алайда желі қолданушылар кәсіпкердің бір сөзіне де сенген жоқ.
“Мұнда пәтер жалдағандар тұрады, ал марапаттарды түсірілімнің алдында дайындап қойған”, “Күлдірмеші”, “Бастысы өте сенімді түрде айтып тұр”, “Шынымен осы үйде тұрасыздар ма? Сіз шкаф тартпасының сынып қалғанын да білмейсіз ғой”, “Қолында Cartier, шеше салу керек еді”, “Пәтерді жалға беретініңізді айтуды ұмытып кеттіңіз”, “О тоба, депутаттар осылай тұрса мұрнымды кесіп берейін”, “Басқа пәтеріңізді де көрсетесіз бе”, – деп жарыса жазды желі қолданушылары.


