Ақ жол» демократиялық партиясының фракциясы Үкіметке шұғыл түрде «Дәрігер мен медицина қызметкерінің мәртебесі туралы» заң жобасын әзірлеп, енгізуді ұсынады.
ERNUR.KZ. Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Ақ жол» партиясының депутаттары «Дәрігер мен медицина қызметкерінің мәртебесі туралы» заң жобасын әзірлеуді ұсынды, деп жазады ҚазАқпарат.
Осы орайда депутат Дания Еспаева Үкімет басшысы Асқар Маминнің атына жолданған сауалды жариялады.
Оның айтуынша коронавирус пандемиясы денсаулық сақтау жүйесіндегі көптеген проблемаларды ашып көрсетіп, қоғам мен ақ халатты жандарға осы мәселелерді шұғыл түрде шешулеріне тура келді. Сонымен, ағымдағы жылдың 1 қазанындағы жағдай бойынша өз қызметінде басқа адамдарды құтқару барысында 182 дәрігер мен медицина қызметкері коронавирустан қайтыс болды, 13 мың ақ халатты жан осы індетпен ауырды.
«Пандемия кезінде Президент пен Үкімет дәрігерлердің жанқиярлығына құрмет көрсете отырып, ерекше еңбек жағдайлары үшін ынталандыру сыйақыларын, сондай-ақ дәрігерлердің өздері жұқтырған және қайтыс болған жағдайлар үшін төлемдер енгізді. Алайда, 20 қазаннан бастап бұл төлемдер тоқтатылды. Айта кетейік, «Ақ жол» демократиялық партиясы 28 қазандағы депутаттық сауалында Covid-19-бен ауырған медицина қызметкерлеріне төленетін төлемдердің күшін жойғанын сынға алып, оларды сақтауды талап еткен болатын. Денсаулық сақтау министрлігі өз шешімін қолдай отырып, шенеуніктер дәрігерлердің жалақылары жоғары екенін айтып, баспасөзде дәрігерлердің миллиондаған кірісі туралы мәлімдеді. Бұл жерде мәселе төлем мөлшерінде де емес, ал мемлекеттің пандемияның жаңа толқыны қарсаңында әлеуметтік маңызы зор мамандыққа деген қарым-қатынасында. Қаржылық қиындықтар туындаған жағдайда төлемдерді азайтуға болады, бірақ оны қоғам мен мемлекеттің ақ халаттағы жандардың ерен еңбегін бағалау белгісі ретінде қалдыруға болады», - деді депутат.
Осыған байланысты «Ақ жол» демократиялық партиясының фракциясы Үкіметке шұғыл түрде «Дәрігер мен медицина қызметкерінің мәртебесі туралы» заң жобасын әзірлеп, енгізуді ұсынады.
Сонымен қатар, ол жақында осындай ұсынысты сенатор Мұрат Бақтиярұлы және басқа да әріптестер жасағанын атап өтті.