Депутат жұма күні сайын мемлекеттік қызметшілерді жұмыстан толық босатып, кітапханаға жіберуді ұсынды

0
324

​Депутат командалық ауыс-түйіске мораторий енгізуді ұсынды.


Депутат жұма күні сайын мемлекеттік қызметшілерді жұмыстан толық босатып, кітапханаға жіберуді ұсынды

Фото: parlam.kz

ERNUR.KZ. Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек мемлекеттік қызметшілер халықтан алшақтап, басшылықтың қас-қабағына ғана қарап, жұмыс істейтінін сынға алды. Депутат мемлекеттік қызметтің жаңа парадигмасын қалыптастыру үшін мемлекеттік қызмет жүйесін түбегейлі өзгерту қажет екенін мәлімдеп, бірнеше ұсыныс айтты, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

Шенеуніктер мемлекеттік қызметті басшылыққа қызмет ету деп түсінеді

«Мемлекеттік қызмет - бұл билікке қызмет емес, бұл халыққа қызмет. Бірақ өкінішке қарай, біздің мемлекеттік қызметшілер, әсіресе орталық, жергілікті деңгейдегі мемлекеттік қызметшілер оны халыққа қызмет емес, керісінше үлкен басшылыққа қызмет ету деп қарастырады. Сондықтан біз парадигманы түбегейлі түрде ауыстыруымыз керек. Яғни мемлекеттік қызметтің концепциясын толығымен өзгертуіміз керек. Бізз қазір осы заң жобасына маңызды ұсыныстарды енгізіп жатырмыз, бірақ онымен мемлекеттік қызметтің абыройын көтере алмаймыз. Басқаша айтқанда кез келген азамат мемлекеттік қызметке келсе, ол сырғытпа жауаптан бастап халықты қабылдауға дейін толығымен басшылықтың қабағына емес, халықтың қабағына қарайтын психологияны заң шеңберінде енгізуіміз керек. Яғни бұл парадигма деп есептеледі», - дейді Базарбек.

Оның айтуынша, қазір үлкен басшылар жауапкершілікті өз мойнына емес, төменгі мамандардың мойнына іліп қояды. Осыған байланысты мәжілісмен мемлекеттік қызметке қатысты бірнеше ұсынысын айтты.

Сырғытпа жауап үшін жауапкершілікті күшейту

«Біріншісі бұл сырғытпа жауаптар. Азаматтарға сырғытпа жауап берген лауазымды тұлғалардың жауапкершілігін күшейтетін нормаларды енгізуіміз керек. Өкінішке қарай, бізде заң шеңберінде ондай жоқ. Оны біз құқықтық тұрғыдан реттеуіміз керек. Екіншіден, сайланған әкімдер халық алдында есеп беретінін білеміз, бірақ халықтың сайланған әкімдердің есебіне көңілі толмайды. Сондықтан халықтың әкім есебіне кқөңілі толмаса, мұндай жағдайда халықтың осы есепті қабылдамау тетіктерін енгізуіміз керек. Бұл да мемлекеттік қызметтің абыройын көтерудің және халыққа бет бұрыстың белгісі. Оның нәтижесі бойынша халықтың көңіліне толмаған әкімді қызметінен кетірудің тетіктерін де енгізуіміз керек», - деген ұсыныс тастады депутат.

Тағы бір ұсыныс әрбір шенеунікті халық бағалайтын ақпараттық жүйелерді енгізу.

«Өкінішке қарай, ашық ақпараттың өзін шенеуніктер жасыруға тырысады», - дейді ол.

Тапсырманы берген басшының өзін жауапқа тарту керек

Базарбек мемлекеттік қызметтің абыройы түсіп бара жатқанына назар аударды.

«Жастар мемлекеттік қызметке кетіп бара жатқан жоқ, жастар мемлекеттік қызметтен бизнеске кетіп жатыр. Мен қаншама жаспен сөйлесемін, олардың айтатын бір проблемасы бұл жан жақтан жасалатын қысым, тексеріс. Былық анықталған кезде кім жауапкершілікке тартылады? Жастар, бөлім маманы, бөлім басшысы, басқарма басшысы. Сондықтан бұл психологияда парадигманы ауыстыру дегеніміз осы. Парадигманы өзгертіп, жаңа институт енгізуіміз керек», - дейді ол.

Депутат жоғары лауазымды тұлғаның кінәлілік презумпциясын енгізу керек деп есептейді.

«Бұл кейбір елдерде қолданылады. Қарапайым маман әкім немесе оның орынбасары берген тапсырма заңсыз, заң нормаларын қатаң түрде бұзу екенін түсінсе де, оны орындауға мәжбүр. Сондықтан сол тапсырманы берген лауазымды тұлға жауапкершілікке тартылуы керек. Кінәлілік презумпциясы деген осы. Осылай біз қарапайым мамандарды, сарапшыларды, бөлім басшыларын құқық тұрғыда қорғаймыз», - деп санайды Базарбек.

Командалық ауыс-түйіске мораторий

Депутат командалық ауыс түйіске мораторий енгізуді ұсынды.

«Біз командамен ауысу туралы зарлап келе жатқанымызға он жылдай болды. Әкім ауысса, өзімен бірге отыз қырық адамды ертіп келеді. Сондықтан командалық ауыс түйісті тоқтатуымыз керек. Кем дегенде үш жыл мораторий енгізуіміз керек. Министр тағайындалды ма, әкім тағайындалды ма, үш жыл бойы бұрынғы команда тұруы тиіс», - деді Базарбек.

Жұма күнін кітап оқуға арнау

Сонымен қатар Бақытжан Базарбек кітап оқитын ұлтқа айналу үшін аптаның жұма күнін кітап оқуға арнауды ұсынды.

«Өкінішке қарай, біз кітап оқитын ұлт емес, әлеуметтік желіні қоллданатын ұлтқа айналып бара жатырмыз. Президентіміз кітап оқу керек деп қаншама рет айтты. Сондықтан менің жеке ұсынысым болашақта аптаның жұма күнін толығымен ағарту күні деп тағайындау. Ол жерде ешқандай құжаттама, ешқандай тапсырма болмауы керек. Мемлекеттік қызметшілерді босатып, ол кітапханаға барып, кітабын оқуы керек. Сонда ғана ол халықпен дұрыс жұмыс істей алады», - деп санайды депутат.

Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Базарбектің нақты ұсыныстарын алдағы оқылымда қарауды тапсырды.