Мәжіліс депутаттары «Отбасы банкінің» ипотекалық несиенің барлық сомасына пайыздық мөлшерлеме алуын әділетсіздік деп санайды.
ERNUR.KZ. Олар Премьер-министр Олжас Бектеновке жолдаған депутаттық сауалында бұл механизмді қайта қарауды ұсынды, деп жазады Ulysmedia.kz.
Депутат Ислам Сұңқар «Отбасы банкінде» ипотека алған азаматтар банк салымында соманың жартысын жинайтынын түсіндірді. Кейінірек банк қарыз алушыға мүлікті сатып алу үшін жетіспейтін бөлігін береді. Бұл ретте ол тұрғын үйдің барлық құнына – бастапқы жарнаға да, берілген сомаға да сыйақы мөлшерлемесін алады.
“ Мысалы, клиент 10 миллион әкелсе, банк оған 10 миллион береді, ал сыйақы мөлшерлемесі 20 миллион теңге болып есептеледі. Адамға өз ақшасын пайызбен беру және бұл үшін қосымша банк комиссиясын алу қаншалықты әділетті деген сұрақ туындайды. Салымшылардың наразылығына банк бұл ақша депозитте жатыр, оған пайыздық мөлшерлеме және мемлекет сыйлықақысы да бар деген күрделі жауаптар береді. Бірақ бұл жай ғана қаржылық айла деп есептейміз, өйткені депозит мөлшерлемесі небәрі 2 пайызды құрап, мемлекет сыйлықақысы шектеулі сомаға, яғни 200 АЕК беріледі”, - деп түсіндірді Ислам Сұңқар.
Депутат 2023 жылдың қорытындысы бойынша «Отбасы банкі» барлық банктер арасында ең көп кіріс – 107,5 млрд теңге алғанын атап өтті.
“Екінші сұрақ туындайды: ақшаны кім жасайды, халық па, әлде банк пе? Жоғарыда айтылғандарды негізге ала отырып, тұрғын үй құнының барлық сомасына банктік сыйақыны есептеуді қайта қарауды ұсынамыз, - деп түйіндеді сөзін Ислам Сұңқар.
Сонымен қатар депутаттар ислам ипотекасын рәсімдейтін банктерді тұрғын үй несиесіне қатысуды қамтамасыз етуді және оларды реттеудің нақты ережелерімен елімізде несие және тұрғын үй құрылыс жинақ кооперативтерін құру мүмкіндігін қарастыруды ұсынып отыр.