Сатып алу рәсімдерін цифрландыру ұлттық жобаны тиімді іске асырудың негізгі құралы ретінде қарастырылады.
ERNUR.KZ. 2025 жылы қарашадан бастап «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» жөніндегі ұлттық жобаны іске асыру аясында сатып алудың электрондық платформасы жұмыс істей бастайды. Ол платформаның әкімшісі болып белгіленген «Самұрық-Қазына Контракт» ЖШС электрондық сатып алу жүйесі негізінде құрылды. Енді табиғи монополиялар субъектілері өз объектілерін жаңғыртуға өтінімдерді онлайн режимінде бере алады. Ал оларды қарау мен бекітудің барлық процесі сандық форматта жедел түрде жүргізіледі, деп хабарлайды ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі.
Тұрғын үй қатынастары мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы жобаларды жоспарлау, іріктеу, келісу, жобалау, құрылыс және (немесе) пайдалану үдерісін мониторингтеу қағидаларына сәйкес, өтінімдерді келісу мерзімдері нақты белгіленген және қатаң реттеледі.
Сатып алу рәсімдерін цифрландыру ұлттық жобаны тиімді іске асырудың негізгі құралы ретінде қарастырылады. ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев платформаның әзірлену барысын жеке бақылайды және оны қараша айында іске қосуды тапсырды.
Платформаның іске қосылуын қамтамасыз ету үшін қажетті нормативтік база алдын ала құрылды. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің бұйрығымен 2025 жылы қыркүйекте ұлттық жоба аясында электрондық платформаның жұмыс істеу қағидалары бекітілді. Сондай-ақ жүйенің жауапты органдары мен жұмыс регламенттері айқындалды.
Барлық нұсқаулық пен ресми құжаттар ЭКСЖ – modernization.kz ресми сайтында қолжетімді. Бұл қатысушыларға талаптарды алдын ала білуге, хабардар болуға мүмкіндік береді.
ЭКСЖ электрондық сатып алу платформасы жаңғырту жобаларының толық өмірлік циклін – өтінім беруден бастап нысанды пайдалануға беруге дейін қамтиды. Бұл платформа негізгі процестерді автоматтандырады, соның ішінде:
1) жоспарлау, жобаларды іріктеу және келісу, сондай-ақ олардың барлық кезеңде іске асырылуын бақылау;
2) жаңғыртуды қаржыландыру тетіктерін және жобалар үшін қарыздардың пайыздық мөлшерлемелері бойынша субсидиялар беру шарттарын айқындау;
3) жобаларды іске асыру үшін жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу-мердігер ұйымдарды таңдау және электрондық форматта «кілтпен тапсыру» (EPC келісімшарттар форматы) шарттар жасасу;
4) табиғи монополиялар субъектілері үшін кредиттер бойынша мөлшерлемелерді субсидиялау;
5) отандық бизнесті қолдау мақсатында оффтейк-келісімшарттар (кепілдік беретін сатып алу туралы шарттар) жасаса отырып, қазақстандық тауар өндірушілерден жабдықтар мен материалдарды сатып алу;
6) жобаның іске асырылу барысын бақылау үшін барлық аталған процестер бойынша есептілік пен талдауды қалыптастыру.
Электрондық жүйе барлық кезеңде ашықтықты, жеделдікті және бақылауды қамтамасыз етеді. Әрбір өтінім бірегей ID алады, келісуші тұлғалар мен орындаушылардың барлық іс-әрекеті электрондық цифрлық қолтаңбамен расталады, құжаттар электрондық түрде сақталады.
Платформа мемлекеттік тізілімдермен және салалық дерекқорлармен интеграцияланған. Бұл деректердің қайталануын болдырмайды және қажетті мәліметтерді автоматты түрде тексеруге мүмкіндік береді. Мұндай тәсіл процестерді едәуір жеделдетіп, бақылауды күшейтеді: жауапты органдар әр жобаның ағымдағы мәртебесін көріп отырады. Ал мерзімнің кешіктірілуі немесе келісілмеген әрекеттердің қаупі барынша төмендейді. Платформаны жобаларды келісу үшін министрліктер мен әкімдіктердің уәкілетті тұлғалары, сондай-ақ өтініш берушілердің өздері – жеке кабинет арқылы құжаттарды тапсыратын және қарау барысын қадағалайтын компаниялар қолдана алады.
Бұдан басқа, қоғамға ақпарат беру жоспарлануда: ашық талдамалық веб-портал (дэшборд) және байланыс орталығы құрылады. Олар арқылы кез келген мүдделі тарап Ұлттық жобаның орындалу барысы туралы маңызды деректерді біле алады.
Нысандардың онлайн-картасы мен интерактивті статистикалық панельдер нақты уақыт режимінде жобалар бойынша жұмыстарды бақылауға мүмкіндік береді. Пайдаланушылар қандай нысандар келісу сатысында екенін, құрылыс жұмыстары қайда басталғанын және қандай жобалар дың аяқталғанын көре алады.
ЭКСЖ ұлттық жобасы энергетиканың және ТКШ-ның аса маңызды инфрақұрылымын жаңартуға ғана емес, сондай-ақ әрбір кезеңде жөндеу процестерін басқару үшін озық цифрлық шешімдерді енгізумен қатар жүреді. Бұл ретте «Самұрық-Қазына Келісімшарт» қолдауымен бірыңғай электрондық платформаның іске қосылуы және алдағы цифрлық теңгенің енгізілуі жұмыстардың ашықтығы мен бақылаудың теңдессіз деңгейін қалыптастырады.


