"Дер кезінде көмектеспеді": Ақтауда парашюті толық ашылмай қалған сарбаздың анасы мәлімдеме жасады

0
645

Ақтауда ұшу құрамы парашютпен секіруді орындау барысында әскери қызметшілердің бірінде парашют толық ашылмай қалып, сарбаз жарақат алған болатын.


ERNUR.KZ. Ақтауда секірулер кезінде парашюті толық ашылмай қалып, зардап шеккен сарбаздың анасы мәлімдеме жасады, деп жазады Stan.kz.

Әйел бұл оқиғаға оның баласы кінәлі емес екенін айтты.

"Мен осы оқиғаға қатысты әскерилердің пікірімен толық келіспеймін. Олардың айтуынша, менің ұлым жерден айтылып жатқан бұйрықтарға жауап бермеген. Тек осы командаларды беретін әскери қызметкерлерде мегафон болуы керек еді. Менің ұлымның парашютының бір бөлшегі жоқ болып шықты. Парашюттің өзі әлі тергеу кабинетінде, тексеру әлі басталған жоқ. Ұлының денсаулығына кім жауап береді? Неліктен олар уақытылы көмектеспеді? Бұл билік өкілдерінің немқұрайлылығы", - дейді Күлжахан Жамауова.


Күлжахан Жамауова оқиғадан кейін оның баласына арнайы гемодиализ аппараты қажет болғанын айтты. Оны қаланың медициналық мекемелерінен үш күннен кейін тапқан екен.

"Менің балам жатқан ауруханада ондай аппарат жоқ. Біз оны емханалардың бірінен таптық. Бірақ қалада ол аппаратпен жұмыс істей алатын маман жоқ. Ол тек 8 тамызда табылды", - деді зардап шегушінің анасы.

Әйел емдеуге арналған барлық шығындарды өздері төлеп жатқанын айтты, өйткені билік тарапынан ешкім көмек көрсетіп жатқан жоқ екен. Оның айтуынша, құрылғының көмегімен емдеудің әр күніне 500 мың теңге кетеді.

Естеріңізге сала кетейік, 5 тамызда Ақтауда ұшу құрамы парашютпен секіруді орындау барысында әскери қызметшілердің бірінде парашют толық ашылмай қалып, сарбаз жарақат алды. 8 тамыз күні дәрігерлер оған хирургиялық операция жасады. Әскери қызметшінің жағдайы ауыр.