«Arnau tour ENVOY» — әлем назарын елімізге аударатын үлкен имидждік жоба.
ERNUR.KZ. Қазақстандық әнші Димаш Құдайберген 10 желтоқсанда Нью-Йоркте (АҚШ) өтетін «Arnau tour ENVOY» жеке концерті туралы айтып берді, деп жазады ҚазАқпарат.
«Мен әлемге мәдениетімізді «Arnau tour ENVOY» шоуы арқылы паш ететініме қуаныштымын. Нью-Йорктегі концерттің көрермендері заманауи нақыштағы қазақтың саф өнерімен таныса алады. Біз бүкіл командамызбен осы бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Осы жобаға қатысы бар әр адам кәсіби мамандар дей аламын», - деді өз әсерімен бөліскен Димаш.
«Arnau tour ENVOY» — әлем назарын елімізге аударатын үлкен имидждік жоба. Концертке дайындық жұмыстарымен қазақстандық дарынды жастар айналысып жатыр. Шоу бағдарламаға қатысушылардың орташа жасы – 25.
Шоу хореографтары Қуаныш Бекен мен Арсен Именов. Екеуі де өз істерінің майталмандары. Қуаныш Бекен ISDS бойынша «The Best Choreographer 2018» байқауының жеңімпазы атанған. Сондай-ақ, ол көптеген телевизиялық жобаларда, клип және эстрада жұлдыздарының үлкен концертінде қоюшы хореограф болған. Арсен Именов Contemporary art бағытында жұмыс істейді.
Түрлі еуропалық труппаларда өзін сынап көрген. Жігіттер Димаштың дауысы мен музыкалық аспаптардың үнін дене қимылы арқылы үйлестірудің түрлі амалын ойлап тапты.
Концерттегі барлық хореографиялық элементтерді 10 бишіден тұратын қазақстандық топ орындайды. Олардың қатарында «Танцы на ТНТ» шоуының финалисі Александр Ли де бар. Александр «ARNAU» концертінде жеке композиция ұсынған болатын, енді осының жетілдірілген түрін Нью-Йорк көрермендері тамашалай алады.
DQ_band - концертке қатысатын музыканттар мульти аспапшылар болып табылады. Ұжымның әр мүшесі бірнеше аспапта еркін ойнай алады.
Афишалардағы Димаштың жарқын бейнесін қазақстандық фотограф Евгения Волкова түсірген. Постерді Contemporary art және New Media Art жанрларының өкілі Ринат Абдрахманов дайындады. Ринат визуалды әсер беру арқылы шоу идеясын графикалық нұсқада ерекше әзірлеген. «Arnau tour ENVOY» афишасының дизайн авторы алматылық жас дизайнер Анастасия Шиповалова.
Шоудың промо-ролигін дарынды қоюшы оператор Азамат Дулатов дайындады. Азаматтың портфолиосында қазақстандық және ресейлік жұлдыздардың фильмдері мен клиптері бар. «Arnau tour ENVOY» үшін бейнелер Шарын шатқалында түсірілді. Қосымша түсірілімдер кейбір хореографиялық элементтер бар павильонда жүргізілді. Ролик негізі ретінде қазақтың «Дүрдараз» әні таңдалды.
Димаш пен қойылымның басқа да қатысушыларының образын отандық стилист Әнел Нұрашева ойлап тапты. Ол әртіс пен шоу тұжырымдамасын түйсіне білді және барлық бағдарламаны түгелдей қабылдауға мүмкіндік беретін дұрыс образ жасады. Бұл жұмысқа басқа да қазақстандық дизайнерлер атсалысқан.
Димаштың командасымен бірге Нью-Йоркке «Астана балет» театрының ұжымы да барады. Бұл ұжым мүшелері 2013 жылдан бастап Қазақстанда және одан тыс жерлерде өнер көрсетіп, көрермендерді таң қалдыруда. Театр репертуары – жарқын және қайталанбас туындылардан тұрады. Мұнда классикалық және қазіргі заманғы стильдер мен ұлттық хореографияның синтезін байқауға болады.
Ғарыштық шоуды құруға атсалысып жатқан мамандардың жан-жақтылығы – Димашты бар қырынан көрсететіндей. Шоудың ұйымдастырушылары команданың көрермен тарапынан жоғары баға мен қошеметке ие боларына сенімді.
«Arnau tour ENVOY» тұжырымдамасында 2019 жылдың жазында Нұр-Сұлтан қаласында өткен «ARNAU» концерттік бағдарламасының үздік сәттері топтастырылған. Бұл концерт әртістің туған жеріне деген ықыласын көрсетсе, жаңа шоу Димашты қазақ мәдениеті мен әлем музыкасының елшісі ретінде танытады.
Жаңа шоудың лейтмотиві ретінде ғарыштық тақырып – шексіз кеңістік таңдалған. Шоуда ескі хиттермен қоса, осы шоу үшін арнайы дайындалған жаңа шығармалар ұсынылады. Димаш қазақ, ағылшын, орыс және қытай тілінде ән салады.
Концертті ҚР Мәдениет және спорт министрлігі АҚШ-тағы Қазақстан Республикасының мәдени күндері аясында ұйымдастырмақ. Димаш 19 мың көрерменге арналған «Barclays Center» аренасында өнер көрсетеді. Концерт билеттері 13 қыркүйекте сатыла бастады.