Мемлекет басшысы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің жаңа төрағасын таныстырды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің басшылық құрамымен бейнебайланыс арқылы кеңес өткізіп, жаңадан тағайындалған төраға Олжас Бектеновті таныстырды, деп хабарлайды ERNUR.KZ Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қасым-Жомарт Тоқаев агенттіктің бұрынғы төрағасы Марат Ахметжановқа атқарған жұмысы үшін ризашылығын білдіріп, оның жаңа қызметіне табыс тіледі.
Мемлекет басшысы агенттіктің жаңа төрағасы мен жеке құрамына сыбайлас жемқорлық қылмыстары үшін жауапкершіліктен жалтарып кетпеуді қамтамасыз етуге, қоғамда сыбайлас жемқорлыққа төзбеу идеологиясын күшейтуге, мемлекеттік қызмет туралы қоғамдағы жағымсыз пікірді өзгертуге бағытталған бірқатар міндет жүктеді. Сонымен қатар президент елден ұрланып кеткен активтерді қайтаруға ерекше назар аудару керек екенін айтты.
Мемлекет басшысы 2022-2026 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың жақында бекітілген тұжырымдамасын қалыптасқан ахуалды сапалы өзгертудің маңызды құрамдас бөлігі ретінде атап өтті.