Шетел валютасына деген аса үлкен сұраныс байқалмайды.
ERNUR.KZ. Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова қазақстандықтардың депозиттері туралы айтты, деп жазады ҚазАқпарат.
«CОVID-19-бен ауырғандар санының өсуі ішкі нарыққа айтарлықтай әсер етіп жатқан жоқ. Шетел валютасына деген аса үлкен сұраныс байқалмайды. Валюта нарығындағы сауда-саттық көлемі карантиннен кейінгі кезең шегінде күніне 90-130 млн АҚШ долларымен қалып отыр. Айтып өткеніміздей, теңге бағамы іргелі факторлардың серпініне қарай қалыптасады. Күзден бері ұлттық валюта серпініне арзандап бара жатқан мұнай мен дамушы елдердің валюталары үшін тәуекелдердің күшеюі аз да болса әсер етуде»,– дейді Әлия Молдабекова.
Қыркүйектің басынан бастап бір баррель үшін мұнай бағасы $45,6-дан $42,3-ға дейін төмендеді. Осы кезеңде дамушы елдердің валюталарына да қысым көрсетілді. Мысалы, АҚШ долларына қатысты түрік лирасы 7,3%-ға, рубль 5,2%-ға, бразилия реалы 2,2%-ға әлсіреді.
«Жалпы, теңгеге қатысты құбылмалылық қалыпты нарықтық жағдай. Нарық іргелі факторлардың серпініне және сауда-саттықтағы сұраныс пен ұсынысқа қарай қалыптасады, онда нарық ойыншылары шетел валютасына қажеттілікке байланысты бағам белгілеу процесіне қатысады. Ұлттық Банк айырбастау бағамының жай-күйіне мониторинг жүргізуді жалғастыруда. Егер бағам тұрақсызданып, күрт көтерілетін болса, қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін араласуға дайын»,– деп атап өтті банк өкілі.