Елімізде қазақ-француз университеті ашылуы мүмкін

0
2 234

"Болашақ" бағдарламасы аясында отандық зерттеушілерді Францияның жоғары оқу орындарына жіберу мүмкіндігі кеңейтіледі.


Елімізде қазақ-француз университеті ашылуы мүмкін

ERNUR.KZ. Қазақстанда қазақ-француз университеті ашылуы мүмкін. Бұл туралы ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мәлімдеді, деп жазады sputnik.kz.

Ол Франция президенті Эмманюэль Макронның сапары аясында жоғары білімге қатысты бірнеше келісімге қол қойылатынын атап өтті.
"Мемлекет басшылары деңгейінде Қазақстанда қазақ-француз университетін ашу мәселесін пысықтау жөнінде мәлімдеме жасалады. Біз жеке жұмыс тобын құрамыз, осы мәселені пысықтаймыз", - деді Нұрбек Ақорда кулуарында.
Сондай-ақ, министрдің айтуынша, өңірлік университеттерде Фрнцияның мықты жоғары оқу орындарын тарту арқылы зерттеу кафедраларын ашу мүмкіндігі талқыланады.
"Біз Абай-Верн бағдарламасын кеңейтеміз. Осы бағдарлама аясында жыл сайын француз тарапынан біздің магистранттар мен докторанттардың Францияда оқуына 30 грант бөлінеді. Сол бағдарламаны біз кеңейтеміз. Гранттар санын 45-ке дейін ұлғайтамыз", - деді ғылым министрі.
Бұдан бөлек, "Болашақ" бағдарламасы аясында отандық зерттеушілерді Францияның жоғары оқу орындарына жіберу мүмкіндігі кеңейтіледі.
"Қосымша Францияның 13 жетекші университеті қосылады. Сонымен қатар президенттің бастамасымен басталған 500 ғылыми тағылымдама бағдарламасы кеңейтіледі. Біздің тізімге Францияның жетекші 6 ғылыми зерттеу орталығы мен зертханалары қосылады. Қазіргі таңда сегіз қазақстандық сол жақта тағылымдамадан өтіп жатыр", - деді Саясат Нұрбек.