Ең сұранысқа ие мемлекеттік қызметтің бірі – жеке куәлікті ауыстыру, сәуір айының соңына дейін онлайн-форматқа ауыстырылады.
2024 жылы Қазақстанда 340 млн астам мемлекеттік қызмет онлайн-форматта көрсетілді, деп хабарлайды ERNUR.KZ Primeminister.kz-ке сілтеме жасап.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиевтің айтуынша, бүгінде мемлекеттік қызметтердің 92%-ын қашықтан алуға болады. Сонымен қатар статистика көрсеткендей, азаматтар көбінесе оған смартфондар арқылы – 90% жүгінеді.
Мемлекеттік қызметтерге қол жеткізуді монополиясыздандыру шеңберінде негізгі сервистер танымал финтех-платформаларға интеграцияланды, бұл халықты цифрлық қызметтермен қамтуды едәуір арттырды.
Бұған қоса, қазақстандықтар QR-қолтаңба мен биометрияны сенімді қолдана бастады. Цифрлық құжаттар қызметі ерекше танымал болуда, бір жыл ішінде азаматтар оны 292 млн рет қолданды.
Ең сұранысқа ие мемлекеттік қызметтің бірі – жеке куәлікті ауыстыру, сәуір айының соңына дейін онлайн-форматқа ауыстырылады.
Мамандар азаматтың фотосуретін сәйкестікке бағалайтын AI моделін сәтті сынақтан өткізді. Яғни, болашақта азаматтарға жеке куәлік алу үшін тек eGove платформасында сәйкестендіруден өту, фото мен қолтаңбаны жүктеу, онлайн төлем жасау және құжаттың дайындығы туралы SMS күту қажет болады.
«2024 жылы ХҚКО операторлары 15,2 млн қызмет көрсетті. Бұл ретте өтініштердің 80%-ы он қызметке тиесілі. Біз мемлекеттік органдармен бірлесіп, бұл қызметтерді автоматтандыру және баламасыз, тек онлайн форматқа көшіру бойынша жол картасын әзірледік. Бірінші кезеңде: жеке куәлікті ауыстыру, электронды цифрлық қолтаңба беру, еңбек мигранттарына рұқсат беру қызметтері. Келесі кезекте тіркеу қызметтері: көлік, жылжымайтын мүлік, жерге қатысты құжаттар көшіріледі. Мақсатымыз – жыл соңына дейін халыққа қызмет көрсету орталығының жүктемесін 50%-ға дейін азайту», — деді министр Үкімет отырысында.