Биыл сапалы жұмыс орындарының санын 2 млн 847 мыңға жеткізу жоспарда бар.
ERNUR.KZ. Еңбек нарығының 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасының бекітілуімен «сапалы жұмыс орны» ұғымы енгізілді. Бұл –өңірдегі медианалық еңбекақыдан жоғары жалақымен қатар негізгі әлеуметтік пакеті және қауіпсіз жұмыс ортасы бар 6 айдан астам тұрақты жұмыс орны. Еңбек нарығында осындай позициялар неғұрлым көп болса, экономика соғұрлым тиімді дамиды. Макроөңірлердің ерекшелігін ескере отырып, экономиканың негізгі секторларын индустриаландыру, инфрақұрылымды озыңқы нығайту, ШОБ пен отандық тауар өндірушілерді одан әрі дамыту сапалы жұмыспен қамту өсуінің негізгі драйвері болуға тиіс. ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Асқар Биахметов ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында осылай деді.
Тұжырымдамаға сәйкес биыл ел экономикасында сапалы жұмыс орындарының санын 2 млн 847 мыңға жеткізу жоспарланған. 2025 жылы былтырға қарағанда сапалы жұмыс орын саны 150 мыңға артып, 2 млн 602 мың бірлікті құрады.
«ҚР Президентінің «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» сайлауалды бағдарламасына сәйкес 2022-2029 жылдар аралығында 3,3 млн адамды, оның ішінде 2,3 млн жасты жұмысқа орналастыру міндеті қойылды. Биыл біз өңірлермен бірлесіп 480 мыңнан астам тұрғынды жұмысқа орналастыруды жоспарлап отырмыз, оның ішінде 280 мыңы – жастар. Біз осы ыжыл жұмысқа орналасқан адамдарды есепке алу тәсілін қайта қарадық. Енді жұмысқа орналасқандардың есебіне тек міндетті зейнетақы жарналары бар азаматтар ғана алынады», – деді вице-министр.
2025 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша Қазақстанда 250 мың азамат жұмысқа орналасып, жылдық жоспардың 55%-ы орындалды. Жұмысқа тұрғандардың 38%-ы жастар болса, әйелдердің үлесі – 53% немесе 133 мың адам.
Мемлекеттік жоспарлау құжаттары аясында 4,6 мыңға жуық азамат жұмыспен қамтылды. Мемлекет басшысының «10 мың адамға шаққанда 100 жаңа жұмыс орны» бастамасы аясында – шамамен 63 мың адам, жұмыс берушілер ұсынған бос жұмыс орындарына – 66 мыңнан астам адам, жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шаралары аясында 116 мыңнан астам адам жұмысқа орналасты.