Еліміздегі университеттерде қызмет етіп жүрген оқытушылардың саны белгілі болды

0
1 302

Қазақстан Президентінің тапсырмасын орындау мақсатында оқытушылардың жалақысын арттыру мәселесін жан-жақты қарау үшін арнайы жұмыс тобы құрылды.


Еліміздегі университеттерде қызмет етіп жүрген оқытушылардың саны белгілі болды

ERNUR.KZ. Қазақстандағы университеттерде 36 мыңнан астам оқытушы қызмет етіп жүр, деп жазады ҚазАқпарат.

«Қазіргі кезде еліміздегі 120 жоғары оқу орнында 36 404 оқытушы еңбек етіп жүр. Оның ішінде магистрлер – 10 456 адам, ғылым кандидаттары – 11 441, PhD докторлары – 3 732, ғылым докторлары – 2 656 адам», - делінген Ғылым және жоғары білім министрлігінің жауабында.

Ведомство мәліметіне қарағанда, Қазақстан Президентінің тапсырмасын орындау мақсатында оқытушылардың жалақысын арттыру мәселесін жан-жақты қарау үшін арнайы жұмыс тобы құрылды. Жұмыс тобының ұсыныстары қаралып, зерттеліп, тиісті шешім қабылданады.

«Оқытушыларды ынталандыру тетіктерінің бірі - «Үздік оқытушы» конкурсы. Аталған конкурс 2005 жылдан бастап өткізіліп келеді. Жыл сайын конкурстың жеңімпаздары ретінде оқытушылық, оқу-әдістемелік және ғылыми-зерттеу жұмысында жоғары көрсеткіштері бар оқытушылар танылып келеді. Оларға 2000 АЕК көлемінде сыйақы беріледі», - деп аталып өткен министрлік ақпаратында.

Бұдан бұрын хабарланғандай, елімізде профессорлық-оқытушылық құрамға жалақы төлеудің жаңа жүйесі әзірленеді.

Айта кетейік, «2022 жылғы Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» конкурсы жеңімпаздарының есімдері белгілі болды. Қазақстандық 43 ЖОО-ның 150 оқытушысы жеңімпаз атанды.