Әкім болса, жұмыс бар, әкім жоқ болса, жұмыс жоқ" деген дұрыс емес.
фото: ашықдереккөзден
ERNUR.KZ. Елорданың әкімі Алтай Көлгінов төтенше жағдай кезінде қаладан неге кетіп қалғанын түсіндірді. Қала басшысы Біріккен Араб Әмірліктеріне барып келді, деп жазады sputniknews.kz.
"Қар кетеді, ериді. Ал инвесторларды кім алып келеді? Сондықтан оны жүйелі түрде ойлау қажет. "Әкім болса, жұмыс бар, әкім жоқ болса, жұмыс жоқ" деген дұрыс емес. Жүйе жүріп тұруы қажет. Коммуналдық мекемелер дұрыс жұмыс атқарды. Менің бір күнге барып келгенімен ештеңе бола қойған жоқ. Сапардан келдік, сөйтіп, түнде қарды қайтадан бақылауға кірісіп кеттік", - деді Көлгінов "Хабар 24" арнасына берген сұхбатында.
Әкімнің айтуынша, Біріккен Араб Әмірліктерінің бір инвесторы Нұр-Сұлтанда 35 миллион АҚШ долларына жеке жобасын салатын болды. Оған қоса, ісспар кезінде тағы үш инвестициялық жоба бойынша келіссөздер жүргізілді.
"Енді, қазір әңгіменің бәрі қарға байланысты болып жатыр ғой. Дүрбелеңге салынбау қажет. Шамалы сабыр ету керек. Бұл, енді, табиғаттың тосын мінезі, табиғатқа қарсы келетін ештеңе жоқ. Бірақ біз оған қарап отырмаймыз. Бүкіл күшімізді салып, қарды күні-түні шығарып жатырмыз", - деп атап көрсетті Көлгінов.
Айта кетсек, осы аптада мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Біріккен Араб Әмірліктеріне ресми сапармен барды. Ол Абу-Дабидің тақ мұрагері шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаянмен келіссөз жүргізді. Бұған қоса, Қазақстан президенті Біріккен Араб Әмірліктерінің вице-президенті, премьер-министрі, Дубай билеушісі шейх Мұхаммед бен Рашид Әл Мактуммен кездесті. Одан кейін Тоқаев Дубайдың халықаралық қаржы орталығына барды, басқа да бірқатар маңызды кездесу өткізді.
Сонымен қатар Тоқаевқа Дубайдағы EXPO-2020 халықаралық көрмесінде салынатын Қазақстан павильоны таныстырылды.
Ал үкіметтің кешегі отырысынан кейін ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов президенттің тапсырмасынан кейін Қазақстанның Дубайдағы ЭКСПО көрмесіне жұмсайтын қаржысы қайта қаралатынын мәлімдеді. Оған 9 миллиард теңге қарастырылған.